Болжам: Қазақстанда биыл 22 млн. тоннадан астам астық жиналады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл астық дақылдарының жалпы түсімі 22 млн. тоннадан асады деп болжап отыр. Бұл туралы ведомствоның бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті.
«Алдын ала мәліметтер бойынша астық дақылдарының жалпы жиыны биыл 22 млн. тоннадан асатыны болжанады», - деді вице-министр брифингте. Оның айтуынша, егін сапасы биыл айтарлықтай жоғары емес. Маусым мен шілде айының ортасына таман үш негізгі астық себуші облыстарда жауған мол жауын-шашын вегетативті массаның қатты қалыптасуына әсер еткен. Осының өзі астық дақылы дәнінің даму барысын созып, арамшөптердің қаптауына, жаздық бидай егістіктерінде ауру түрлерінің таралуына әкеп соқтырған. Дегенмен, министрлік өкілі үшінші сыныптық бидайдың сапасы төмендегенімен, төртінші сыныпты бидай сапасы былтырғыға қарағанда жоғарылағанын алға тартады.
«Ауа райының жағдайына Ақмола облысының диқандары жедел ден қойды, бұл жақсы тәжірибе. Ал 4 млрд 100 млн теңге көлеміндегі гектарына қарай субсидиялауға арналған қаражат гербицидтерді субсидиялауға бағытталды», - деді Қ. Айтуғанов.
8 қыркүйектегі мәліметтер бойынша, астықтың 54 пайызы жиналған. Жағымды климаттық ауа-райы сақталар болса, солтүстік өңірлерде жиын-терім қыркүйек айының үшінші онкүндігіне таман аяқталатыны да жоспарланады.
Айта кетерлігі, Қазақстанда лицензияланған 204 астық қабылдау қоймалары бар, олардың сыйымдылы 13,6 млн тоннаға жетеді. Бұл жаңа астықты қоса алғанда қабылдауға қоймалардың жеткілікті екенін білдіреді.