Бомба туралы хабар Еуропада дүрбелең туғызды: үш елдің телеарнасы эфирді тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — 6 қараша, жұма күні Ирландия, Болгария және Ұлыбританиядағы бірнеше телеарнаның редакциясына электронды пошта арқылы ғимараттарға бомба қойылғаны туралы хабарламалар түскен. Осыған байланысты қызметкерлер эвакуацияланып, телеарналар эфирді уақытша тоқтатты. Бұл туралы DW агенттігі жазды.
Reuters агенттігінің мәліметінше, қауіп туралы хабарламалар Ирландияның RTÉ телерадиокомпаниясына, Ұлыбританияның Sky телеарнасына, Болгарияның Nova жекеменшік телеарнасына және басқа да БАҚ өкілдеріне жіберілген. Алайда тексеру барысында ғимараттардың ешқайсысынан жарылғыш зат табылмады.
RTÉ телеарнасының эфирінде бағдарламалардың орнына музыка мен алдын ала жазылған хабарлама берілді. Кейбір арналарда хабар тарату үш сағатқа дейін тоқтап қалған.
Reuters агенттігі Nova мен RTÉ редакцияларына жолданған хаттың үзіндісін жариялады:
«Біз туралы бүкіл әлем білгенін қалаймыз. Сондықтан біздің адамдарымыздың бірі сіздердің ғимараттарыңызға жарылғыш құрылғы қойды. Ол 45 минуттан кейін жарылады. Уақыт басталды».
Қауіп төндірген адамдардың кім екені әзірге белгісіз. RTÉ мен Nova телеарналарына жіберілген хаттарға «Михаил Андропов» деген есім қойылған.
Бұл оқиғалардан бір күн бұрын Еуропа елдері арасында қатынайтын кемінде 19 әуе рейсінде бомба қойылғаны туралы жалған хабарламалар тараған. Олардың қатарында Австрия, Бельгия, Болгария, Испания және Италия арасындағы рейстер бар. Тексеру нәтижесінде ұшақтардың ешқайсысынан жарылғыш зат табылмаған. Кейбір рейстер басқа қалаларға бағытталған.
Мәселен, Дублиннен Римге бағыт алған Ирландияның Aer Lingus әуе компаниясының ұшағы Парижден шамамен 100 шақырым жердегі әскери аэродромға шұғыл қондырылған.
Ирландия премьер-министрі Михол Мартин Еуропа арнайы қызметтері БАҚ пен әуе рейстеріне төнген қауіптердің өзара үйлестірілген шабуылдың бір бөлігі екенін әзірге анықтай алмағанын мәлімдеді.
— Бұл қоғамның қалыпты жұмысын бұзып, бейберекетсіздік тудырудың қаншалықты оңай екенін көрсетеді. Мұндай дәстүрлі емес әрекеттердің мақсаты — хаос орнатып, адамдар арасында үрей мен алаңдаушылық туғызу, — деді Мартин.
Бұған дейін Еуропада бір тәулік ішінде жеті ұшаққа бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама түскені хабарланған болатын.