«Бомбадан қорғайтын орындарды» түгендеу: 70% нысан — жекенің қолында
АСТАНА. Kazinform – Өткен жылы жүргізілген түгендеу нәтижесінде еліміздегі «бомбадан қорғайтын орындардың» 70 пайызы жекенің қолында екені анықталды. Бұл туралы Kazinform сауалына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми жауабында айтылды.

— 2024 жылы ТЖМ аумақтық органдары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарына» («бомбадан қорғайтын орын» атауының ресми термині – ред.) түгендеу жүргізді. Бүгінгі таңда қорғаныш құрылыстар қорының шамамен 70%-ы жеке ұйымдардың балансында, - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау шеңберінде азаматтық қорғаныс санаттарына жатқызылған қорғаныш құрылыстар қорының саны, жай-күйі жыл сайын тексеріледі. Кемшіліктер болған жағдайда (жергілікті атқарушы органдарға – ред.) қорғаныш құрылыстар қорын құру немесе даярлыққа келтіру туралы ұйғарымдар жазылады.
Ал азаматтық қорғау органдары жүйесіндегі қызметтік құжаттардың ведомстволық тізбесіне сәйкес қорғаныш құрылыстар саны мен дайындығы туралы ақпараттарға «ҚБП» белгісі басылған. Яғни құпия саналады.
Айта кетейік, бұған дейін төтенше жағдай кезінде халық бомбадан қалай қорғана алатынын жазған едік.