Боранда жолда қалғанда қандай сақтық шараларын ескеру керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының басшысы Бауыржан Бейсенқанов боран кезінде қар құрсауында қалған автокөлікте сақтану ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Боранда жолда қалғанда қандай сақтық шараларын ескеру керек

«Боран кезінде сіз автокөлікпен жолда қалсаңыз, көлікті тоқтатыңыз, тұрақты белгілеңіз, ол үшін ашық түсті мата ілу керек. Қозғалтқышты радиатор жағынан жабыңыз. Машинаның қозғалтқышын желдің бағытымен орналастырыңыз. Осы орайда жанар-жағармайды үнемдеңіз. Қар құрсауында қалған көліктің ішінде сіз қаншалықты тоңып қалсаңыз да, бірден қозғалтқышты іске қоспаңыз. Автокөліктің ішінде жиналған газдар сізді қатты аяздан әлдеқайда ертерек мерт қылады», - деді Бауыржан Бейсенқанов әкімдіктегі онлайн брифингіде.

Осы орайда ол қозғалтқышты оталдырып жылыну үшін көліктен түсіп, автомобильдің газ шығатын құбырының айналасындағы қарды тазартып, түтіннің атмосфераға шығып жатқанына көз жеткізу керектігін түсіндірді.

«Сонымен, осындай қарапайым ережелерді сақтай отырып, сіз қыста жарақат алу қаупін азайтасыз. Төтенше жағдайға тап болғанда, бірден «112» қызметіне телефон шалу керек», - деді Бауыржан Бейсенқанов.