Боранға байланысты тоқтаған Астана әуежайы қайта жұмыс істей бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат -Уақытша жабылған Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы сағат 17:00-де өз жұмысын қайта бастады», деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Боранға байланысты тоқтаған Астана әуежайы қайта жұмыс істей бастады

«Әуежай сағат 17:00-де ашылды және штаттық режимде өз жұмысын бастады», - деді әуежайдың баспасөз қызметі агенттік сауалына.

Әуежай жұмысы тоқтаған уақытта 19 рейс бөгеліп, 27 рейс тоқтатылған. Қазіргі уақытта әуежайда жол 350 метрден көрініп тұр, жел жылдамдығы секундына 14 метрді құрады.

Бұған дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жерілікті уақытпен сағат 17:00-де өз жұмысын бастайтынын хабарлаған еді. Әуежай қызметі ұшу-қону жолағы мен гейттерді қардан тазартып жатыр.  Қар тазалау техникасы қарқынды жұмыс істеп тұр.

Азаматтық авиация комитетінің мәлімдеуінше, ауа райының қолайсыздығы салдарынан «Эйр Астана» әуе компаниясының 4 рейсі бөгеліп, 30 рейсі тоқтатылған. Оның 14-і - халықаралық рейс болған. SCAT әуе компаниясының 9 рейсі кешігіп, 12 рейсі кейінге қалдырылған.

Еске сала кетсек, бейсенбі күні таңертең Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы ауа райына байланысты ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Астана уақытымен сағат 13:00-ге дейін жабылды. Кейінірек, жабылу уақыты сағат 15:00-ден 17:00-ге дейін ұзартылды.