Бораннан кейін төрт қаланың әуежайлары қалыпты жұмыстарына кірісті

Ведомствоның хабарлауынша, тұрақты рейстер белгіленген кестеге сәйкес орындалуда.
Астана қаласының әуежайында аздаған қар мен жаяу бұрқасын байқалады. Ауа температурасы -14 градус. Секундына 7-9 метр жылдамдықпен жел соғуда, көріну қашықтығы - 1100 метр.
Қарағанды қаласының әуежайында да аздаған қар жауып, жаяу бұрқасын соғуда. Ауа температурасы -10 градус. Желдің жылдамдығы секундына 10 метрді көрсетсе, көріну қашықтығы 1300-1600 метр аралығында.
Ал Көкшетау қаласының әуежайында ауа температурасы -23 градусты көрсетіп, желдің жылдамдығы секундына 8 метрді құрауда, көріну қашықтығы - 10 шақырым.
Павлодар қаласының әуежайында жаяу бұрқасын байқалады. Ауа температурасы -9 градус. Желдің жылдамдығы секундына - 6 метр. Көріну қашықтығы - 10 км.
Еске сала кетсек, кеше ақ түтек боранға байланысты Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жұмысы тоқтатылған болатын. Жоспарланған 27 рейс орындалмай, тағы 19-ы кешіктірілген еді. Әуежай сағат 17:00-де қайта ашылып, штаттық режімдегі жұмысына кірісті.