Бораннан ұзындығы 460 км электр желісінің бойында ақау шықты – KEGOC

None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - 14 сәуір күні сағат 23:26-да қатты боран салдарынан 500 кВ Л-5170 Екібастұз – Ағадыр электр желісі ажыратылды. Желі Қазақстанның 500 кВ-тың «Солтүстік-Оңтүстік» транзитіне жатады. Бұл туралы «KEGOC» АҚ баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Электр желілерінің апатқа қарсы автоматикасы штаттық режимде іске қосылған. Осы орайда «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің қалған 500 кВ желісінде шамадан тыс жүктелуіне жол берілмеді.

Атап айтқанда, «KEGOC» АҚ персоналы Қазақстан мен Қырғызстанның энергетикалық жүйелері қуаттарының қолда бар резервін жедел іске қосқан. Бұл тұрғыда болған шектеулерді алып тастау үшін тиісті жағдай жасалып, 41 минуттан кейін, яғни 15 сәуірде сағат 00:07-де жүйелік оператордың Ұлттық диспетчерлік орталығы қажет энергияны қосты. Бұл ретте, тұтынушыларды электр энергиясымен қамту толық көлемде қалпына келтірілді.

Боран салдарынан зақымданған Л-5170 электр желісін жөндеу үшін «KEGOC» АҚ-ның Солтүстік және Орталық филиалдарының құрамындағы 36 маман мен 14 арнайы техникасы бар бригадалары жұмылдырылды.

«Электр тарату жүйелік желісінің ұзындығы шамамен 460 шақырымды құрайды. Мамандар үш учаскеде электр желісі үзілгенін хабарлады. Осы орайда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ауа райының қолайсыздығы оған кедергі келтіруде.

АО «KEGOC» авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын неғұрлық жылдам аяқтау бойынша барлық шараны қолға алып жатыр», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар