Букмекерлік кеңселерге аударған ақшаны қайтарып алуға бола ма

АСТАНА. KAZINFORM — Ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитетінің баспасөз қызметі Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған азаматтарға, яғни құмар ойын, бәс тігуге тыйым салынған азаматтарға қатысты түсініктеме берді.

ставки
Фото: pixabay

— Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті 2024 жылғы 15 қарашада таратқан баспасөз релизін кейбір БАҚ және әлеуметтік желі қолданушылары қате түсініп, Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде (ББТ) тұрған азаматтар букмекерлік кеңселерге аударылған қаражаттарын қайтарып ала алады деген жалған ақпарат таратқан. Комитет бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарады, — делінген хабарламада.

«Ойын бизнесі туралы» заңның 15-бабы, 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, ББТ-да тіркелген азаматтарға құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға толық тыйым салынған. Егер құмар ойындарға немесе бәс тігуге заңсыз қатысу анықталса, ойын бизнесін ұйымдастырушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алайда, бұл әкімшілік шаралар аударылған ақшаны мәжбүрлеп қайтаруды қарастырмайды.

Комитет ББТ-да тұрған азаматтарды құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан аулақ болуға шақырады және олардың мұндай әрекеттерден өздерін қорғау қажеттігін ескертеді.

— Комитет букмекерлік кеңселердің шоттарына аударылған қаражаттарды қайтарумен айналыспайды және мұндай қызмет көрсетуге уәкілетті емес. Егер қаражатты қайтаруға қатысты даулар туындаса, азаматтарға сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне жүгіну керек. Азаматтық кодекстің 9-бабына сәйкес, сотқа шағымдану ұсынылады, — деп түсіндірді ведомство.

Азаматтарға тек лицензияланған букмекерлік кеңселердің ресми сайттарында тіркелуге кеңес беріледі. Лицензияланған кеңселердің тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.  

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті онлайн қабылдауды іске қосты.

Соңғы жаңалықтар