Борышкерлердің кіріс көздері тексеріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Борышкерлердің 329 көлігі арнайы тұраққа қойылды. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты.

Талғат Уәли
Фото: Әділет министрлігі

«Республика бойынша «Борышкер» рейдтік іс-шарасы аяқталды. Сот орындаушылар қаңтар айынан бері борышкерлер мен олардың мүлкін анықтау бойынша 93 іс-шара өткізді, оның нәтижелері бойынша 329 автокөлік құралы арнайы тұраққа қойылды. борышкерлерден 226,4 млн.теңге қаржы өндірілді. Мысалы, Шымкент қаласында – 123, Астана қаласында – 50, ал Абай облысында 42 көлік арнайы тұраққа жеткізілді», - деді Талғат Уәли. 

Оның айтуынша, борышкерлердің жаңа кіріс көздерін анықтау және оларды қарыздарды өндіріп алу үшін пайдалану мүмкіндігіне талдау жүргізілген. Осы бағытта Әділет министрлігі борышкерлердің электрондық әмияндардан, букмекерлік компаниялардан, биржалық саудадағы бағалы қағаздармен, криптовалюталармен болатын операциялардан, дропшипингтен, желілік маркетингтен, такси қызметтерінен және тағы басқыларынан алынған кірістерін тексереді. 

«Бұл тетік қарыздарды өндіріп алудың тиімді құралдарының бірі болып отыр», - деді ол.