«Бородулиха-Жезкент» тас жолында 30 адам боран құрсауында қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда құтқарушылар қар басқан жолдан адамдарды эвакуациялауды жалғастыруда. Кеше «Бородулиха-Жезкент» облыстық маңызы бар жолда құтқару операциясы жүргізілді, деп хабарлады ШҚО ТЖД сайтында.
Жол қатты боранның, жолдың нашар көрінуінен күндіз 12-де жабылған.
Жезкент ауылынан 12 шақырымдай жерде 30-ға жуық адам жолда қалып қойған. Көмекке жақын маңдағы Бородулиха ауданы өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жетті. ӨБ-52 құтқарушылары үш техникамен 18 адамды эвакуациялады. 13 адам көліктерін тастауға қорқып, эвакуациялаудан бас тартты. Адамдардың басым бөлігі Жезкенттегі туған-туыстарына тоқтады. Өскеменде тұратын 2 адам өрт бөліміне апарылды.
«ОблШығысЖол» ақпаратына сәйкес, таңғы 8-де «Бородулиха-Жезкент» облыстық маңызы бар жол, ал сағат 6-да «Семей-Қарауыл» жолы ашылды.