Борышкерлер мүлікті өндіріп алудан қорғау үшін жалған берешек қалыптастыруда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Борышкерлер мүліктерін өндіріп алудан қорғап қалуы үшін жалған берешек қалыптастыруда. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Тағы бір мәселе, борыштан жалтару фактілеріне аса назар аудару қажет. Соңғы кезде басқа борышкерлер алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару, мүліктерін өндіріп алудан қорғап қалу мақсатында жалған берешекті қалыптастыру үрдісі пайда болған. Мысалы, жұмыс берушілер өз жұмыскерлерімен не үшінші тұлғалармен сөз байласа отырып, олармен жалған еңбекшарттарын жасап, қарыз туралы анықтамалар беретіндігі туралы фактілер ашылған. Осындай құжаттардың негізінде нотариустар миллиардтаған сомаларға атқарушылық жазбаларды жасаған», - деді ол Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Вице-спикердің дерегінше, прокурорлардың бастамасымен соңғы екі жылда 5 млрд теңгеге нотариустар жазбаларының күші жойылған.

«Бұл проблеманы әр кезде прокурормен тексеру арқылы шешіп жүрмей, құқық бұзушылыққа жеткізбей, алдын алу үшін шаралар қабылдау керек деп есептейміз. Бүгін біз депутаттардан атқарушылық іс жүргізу саласындағы бірқатар проблемалар бойынша көптеген ескертпелерді, сондай-ақ құнды, пайдалы ұсыныстарды естідік. Өз әріптестерімнің айтқан пікірлерін сөзсіз қолдаймын және бүгін отырысқа шақырылған мемлекеттік органдар оң қорытынды жасайды деп үміттенеміз», - деді Балайым Кесебаева.


Соңғы жаңалықтар