Босаған орындарға білім беру гранттары тағайындалды
АЛМАТЫ. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Бүгін Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың ақылы негізде оқитын студенттері білім беру грантына ие болды.
Ол Білім және ғылым министрі Б.Т.Жұмағұловтың төрағалығымен жоғары білім алу үдерісінде босаған орындарға білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық конкурстық комиссияның шешімі бойынша анықталып отыр.
Бос білім беру гранттарын тағайындау конкурсына жетпіс жоғары оқу орны қатысқан. Олар 6-ауы - ұлттық, 1-еуі - халықаралық, 30-ы - мемлекеттік, 12-сі - акционерлік, 21-і - жекеменшік жоғары оқу орындары. Жалпы саны 11 615 студент өтініш білдірген.
Конкурстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 2206 білім беру гранттары ақылы негізде оқитын студенттерге тағайындалды. Соның 214 орны, яғни 10 пайызы Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың студенттеріне берілді.
«Барлық грант иегерлерін, олардың ата-аналарын осы қуанышты сәттеріңізбен құттықтаймын! Оқуда озат болуларыңызға тілектеспін! Осыншама жоғары оқу орындары арасынан 10 пайыздық көрсеткіш ол жақсы нәтиже. Мұндай табысқа жету себебіміз, үстіміздегі жылы толық төлемақы бөліміне БҰТ (ЕНТ) қорытындысы бойынша үміткерлер 77 балдан жоғары нәтижелермен қабылданған болатын. Осыншама студенттеріміз қысқы сессия қорытындысы бойынша оқу үлгерімі жақсы болғандықтан грант иегерлері атанды. Алдағы күндері де сенімді ақтайды деген үміттеміз»,-деді университет ректоры Ж.Әділов.