«Босқындар туралы» қабылданған заң Қазақстандағы босқындардың құқын қорғауға жәрдемдеседі - С. Азам

АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азиядағы босқындар ісі мәселесі бойынша Бас комиссары басқармасы Өкілдігінің басшысы Сабер Азам мырзамен кездесті,

«Босқындар туралы» қабылданған заң Қазақстандағы босқындардың құқын қорғауға жәрдемдеседі - С. Азам

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жүздесу барысында Ж. Кәрібжанов мәртебелі мейман С. Азам мырзаны жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтады. Сонымен бірге, Төраға орынбасары әңгіме арасында босқындар ісі мәселесі Қазақстан саясатының басым бағыттарының бірі екендігін жеткізді. Оның айтуынша, былтырғы жылы қабылданған «Босқындар туралы» заңның жобасын әзірлеуге БҰҰ Босқындар ісі комиссиясының өкілдері атсалысып, олардың біраз ұсыныстары қабылданған. Сонымен бірге, вице-спикер БҰҰ Орталық Азиядағы босқындар ісі мәселесі бойынша Бас комиссары басқармасына Қазақстандағы жұмысына сәттіліктер тіледі.

Өз кезегінде, С. Азам мырза Қазақстандағы алғашқы кездесуінің Мәжілістен басталғанына ризашылық білдіріп, алдағы уақытта Парламентпен тығыз байланыста болатындығына сендірді. Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың қазан айында Бішкек қаласында аралас босқындар мәселесіне қатысты конференция жоспарлануда. «Қазақстан қабылдаған «Босқындар туралы» заң босқындардың осы елдегі құқының қорғалуына жағымды серпін береді деп ойлаймын. Жалпы бұл заң Босқындар ісі жөніндегі бас комиссар Антонио Гутерриш пен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екіжақты келісімдерінің нәтижелі жемісі», деді С. Азам мырза.