Босқындарды жарылқамас бұрын, шетелдегі қазақтардың жағдайын жақсартып алу керек - Б. Тілеухан

АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Үкімет босқындарды жарылқамас бұрын, шетелдегі қазақтардың жағдайын жақсартып, оларды елге көшіріп алу керек еді. Бүгін  Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Босқындар туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Бекболат Тілеухан осындай пікір білдірді,

Босқындарды жарылқамас бұрын, шетелдегі қазақтардың жағдайын жақсартып алу керек - Б. Тілеухан

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Босқындар туралы» заң қабылданғаннан кейін Қазақстанға қарай жақын шетелдегі «босқын» ағыла түседі деген үлкен қауіп бар. Олар келе-келе ұлттық саны артып, біздің елімізден өздерінің ұлттық-мәдени орталығын ашқысы, тілін дамытқысы келетіні түсінікті жайт. Ал бүгінгі заң жобасы осылардың барлығына айқара есік ашып, тағы да құшағымызды кеңінен жаймақпыз. Жалпы, өзінің отанына опа бермеген адам, Қазақстанға келіп нені жарылқамақшы?», деп атап өтті Б. Тілеухан. Оның пайымдауынша, бұндай заңды қабылдау, әсіресе Қытайдың келешек жоспары үшін оңтайлы болуы мүмкін.  Осыны алға тартқан депутат Қазақстанға келетін босқындарды жарылқамас бұрын, алдымен елге келетін оралмандардың жағдайын жасау керек еді деген ойын ортаға салды.  

«Бүгінгі күні Өзбекстанда 2 млн. қазақ бар, Қытайда 1,5-2 млн.-ға жуық қазақ бар. Босқындардан бұрын алдымен өзінің қазақтығынан айырылып қалуы мүмкіндігін бастан кешіріп отырған осы ағайындарды неге елге әкеліп алмаймыз. Қытайда батысты игеру деген бағдарлама бар, бұның негізгі саясаты - барлық ұлтты қытайландыру. Сондықтан да, ендігі 10-15 жылда көрші елде тек қытайланған қазақтар қалуы мүмкін. Ал осы шетелдегі қазақтардың жағдайын көре отырып, басқа  босқындарға пана боламыз деу үлкен әбестік болмай ма?!», деді Б. Тілеухан.