Бостандығымыз бен тәуелсіздігімізді бағалай білуіміз керек, ал жастар ардагерлерге әрқашан қамқор болуы қажет - Н. Назарбаев

АСТАНА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгер қазақстандықтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
None
None

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Рәсімге қатысқан ресми делегация құрамында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, орталық мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустардың, «Нұр Отан» ХДП өкілдері және елорда жұртшылығы болды. Бұған қоса, қаза тапқан майдангерлерге осы айтулы күні құрмет көрсету үшін мыңдаған қала тұрғындары келді.

Рәсімнің ресми бөлімі аяқталғаннан кейін ҚР Республикалық ұланының үрмелі аспаптар оркестрі Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады. Осыдан соң Құрметті қарауыл ротасы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының және Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің алдында салтанатпен сап түзеп жүріп өтті.

Одан кейін Мемлекет басшысы шатырлы қалашыққа келіп, ардагерлермен әңгімелесіп, оларды Жеңіс күнімен құттықтады.

Қазақстан Президенті уақыт өткен сайын Ұлы Жеңістің қадір-қасиеті арта түсетінін атап өтті.

«Бұл сұрапыл соғысқа 1 млн. 800 мың қазақстандық аттанып, соның тең жартысы майданнан қайтпады. Сондықтан қазақстандықтардың бірнеше ұрпағы бұл жеңісті әрдайым есте сақтайтын болады. Ардагерлер арамыздан барған сайын азайып барады, сондықтан да оларды құрметтеп, қадірін жақсы түсінуіміз керек. Олар ерлік, татулық, бірлік көрсетті және бүгінгі күн көптеген ұрпақ үшін ақиқат күні болып табылады. Өйткені осы жеңісті жақындату үшін аталары мен әжелері, әкелері мен аналары майданда соғысты және тылда еңбек етті», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Жеңіс күнінің халықтың бірлігін, тыныштығын, тұрақтылығын білдіретін символдық мәні барын, бұл еліміздің ең басты жетістігі екенін атап көрсетті.

«Біздің азаматтарымыз соғыс отынан мерт болмауы үшін қамқор болу қажет. Бүгінде, өкінішке қарай, «ыстық нүктелерден» жеткен ақпараттық мәліметтерді дәл бір майдан даласынан жеткендей естиміз. Елімізде Тәуелсіздік жылдары бойы бейбітшілік, достық және келісім орын алуда. Мұны сақтауымыз керек және оны өткен соғыс тәжірибесі көрсетіп отыр. Біз бейбітшіліктің құнын терең түсінуге тиіспіз. Егер біздің бабаларымыз сол кезде жеңіске қол жеткізбеген болса, біз бүгінгі тәуелсіздікті көрер ме едік, көрмес пе едік. Бостандығымыз бен тәуелсіздігімізді бағалай білуіміз керек, ал жастар ардагерлерге әрқашан қамқор болуы қажет. Өз кезегінде, мемлекет те оларға жан-жақты көмек көрсетеді және оны одан әрі жалғастыра береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әр отбасындағы ардагерлерге амандық-саулық, сондай-ақ зор денсаулық тілей келе, олармен Ұлы Жеңістің 70 жылдығын бірге атап өтетініне сенім білдірді.

Бүгінде Астанада 291 ардагер, соның ішінде - 215 қатысушы, 76 Ұлы Отан соғысының мүгедегі тіркелген.

Соңғы жаңалықтар