Бостонда қазақстандық студент Азамат Тәжаяқовтың ісі бойынша сот отырысында екі жақты пікірсайыс аяқталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Американың Бостон (Массачусетс штаты) қаласында қазақстандық студент Азамат Тажаяқовтың ісі бойынша сот отырысында екі жақтың пікірсайысы аяқталды. Алқа билер шешім шығару үшін өзге бөлмеге кетті. Шешім бейсенбі күні белгілі болуы мүмкін, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
Студенттің адвокаттарының бірі Мэттью Майерс Тажаяқов басты айыпталушы Джохар Царнаевтың жақын танысы болғандықтан АҚШ билігінің қудалау объектісіне айналғанын атап өтті.
«Ол қылмысты жасаған адамның досы, ал террористтің досы біздің жауымыз болып табылады», - деді қорғаушы. - Бұл жердегі әңгіме қауымдастықты айыптау турасында болып отыр». Осыған байланысты Майерс алқа билерге жас жігітке әділетсіз болмауын сұрады.
Майерс сонымен бірге қазақстандық студенттерді Царнаевтың сөмкесін оған көмектесу үшін лақтырып жіберді деген айыптары негізсіз екенін жеткізді.
«Колледжде оқитын жастар өзгеше ойлайды», - деп түсіндірді ол. Майерстің сөзіне қарағанда, студенттер өз іс әрекеттерінің нәтижесі қандай болатынын түсінбеген.
Қорғаушылар қазақстандық студенттер Царнаевтың бөлмесіне марихуана үшін кіргенін атап өтті. Адвокаттардың сөзіне қарағанда, қоқыстан табылған сөмкені Қадырбаев лақтырған, ал Тажаяқовтың оған еш қатысы жоқ.
Айыптаушылар болса, Тажаяқов пен Қадырбаев тергеу амалдарына келдергі келтіру үшін Царнаевтың сөмкесін лақтырып жіберді деп қайталады. Олардың сөзіне қарағанда әділеттіліктің орын алуына студенттер кедергі жасаған. Егер студенттер айыпты деп танылса 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тажаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов осыған дейін берген сұхбатында АҚШ-тың бас прокуратурасы куәгерлерге ықпал етуге ұмтылғанын айтқан.
«Айыптаушылар жағынан шақыртылған куәгерлердің көбіне қатты қысым жасалып, сондықтан олар өз мәлімдемелерін өзгертіп отырған», - деді Исмағұлов. - Бұған алдымен Федералдық тергеу бюросының қызметкерлері қатысты. Прокуратура оларға не істеу керек екендігін айтып отырған сияқты».
Исмағұловтың сөзіне қарағанда, америкалық БАҚ-та бұл фактілер кездеспеген.
«АҚШ БАҚ-ы бұл отырысты объективті түрде жазып жатқан жоқ», - деді ол. - Америкалықтар біздің пайдамызға ештеңе жазып жатқан жоқ. Олар айыптаушылар жағынан шыққан куәгерлердің мәлімдемелерінің өзгеріп отырғанына мән бермейді. Олар біздің жігіттерді басынан-ақ 25 жылға соттаған сияқты».