Бостондағы лаңкестік іс бойынша қазақстандық студенттерге айғақ-дәлелдерді жою арқылы тергеуге кедергі келтірді деген қылмыстық айып тағылды

деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Твиттердегі парақшасында.
«Бостонда қазақстандық студенттерге айғақ заттардың көзі жойды деген қылмыстық айып тағылды. Олар федералды қылмыстық түрмеге ауыстырылды. Аталған қылмыстық іс бойынша соттық тыңдау 14 мамырға белгіленіп отыр», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.
Ведомствоның атап өтуінше, 1 мамыр күні таңертең АҚШ көші-қон заңнамасын бұзғандары үшін қазақстандық студенттер Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяқовқа тағылған айып бойынша сот тыңдауы болып өтті. Екі іс бойынша да тыңдаулар кеш уақытқа ауыстырылды (А.Тажаяқов - 9 мамыр, Д.Қадырбаев - 22 мамыр). Сол күннің екінші жартысында оларға айғақ-дәлелдерді жою арқылы тергеуге кедергі келтірді деген қылмыстық айып тағылды. Тағылған айыптарды ескере отырып, олар федералды қылмыстық түрмесіне ауыстырылды. Бұл қылмыстық іс бойынша тыңдаулар 14 мамырға бекітілді.
«Сонымен қатар, біздің азаматтарымызға Бостонда болған жарылыстарды ұйымдастыруға қатысты айып тағылып отырған жоқ екенін атап өтеміз. Оларға айғақтарды жойды деген айып тағылуда. Қазіргі таңда біздің азаматтарымызға қажетті консулдық қолдау көрсетіліп жатыр. Олардың кінәсі әлі дәлелденген жоқ, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Д.Қадырбаев пен А.Тажаяқов тергеу органдарына барынша көмек көрсетуде. Біз осыған дейін бірнеше рет айтып өткендей, Қазақстан лаңкестіктің кез келген түрлеріне қарсы. Қазақстандық тарап АҚШ құқық қорғау органдарымен осы істі тергеуде барынша ынтымақтасуда», - делінген ведомство ақпаратында.
Еске сала кетейік, 2013 жылдың 15 сәуірінде Бостон марафонында екі жарылыс орын алып, салдарынан 3 адам ажал құшты, 200-ге жуығы жапа шекті. Кейін полиция лаңкесті жасаған екі күдіктінің ізіне шығып, олар АҚШ-та заңды түрде тұрып жатқан Солтүстік Кавказдың тумасы ағалы-інілі Тамерлан мен Джохар Царнаевтар болып шықты. Тәртіп сақшыларымен қақтығыс барысында Т. Царнаев қаза болды. Ал 19 жастағы Д. Царнаев көп ұзамай қолға түсті. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ол өмір бойы абақтыға тоғытылады немесе өлім жазасына кесіледі.