«Бота» қоғамдық қоры 2009-2010 оқу жылына 100 грант бөледі
АЛМАТЫ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Білім гранттары бағдарламасы «Бота» қоғамдық қорының үш негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
Аталған бағдарлама еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде күндізгі білім алуға ниетті, алайда оқу ақысын төлеуге қабілеті жоқ жастарға арналған. Әрбір грант бір жылға бөлінеді және осы грантты стипендиат диплом алғанға дейін жаңартып отыруға мүмкіндігі бар. 2009-2010 оқу жылдарында 100 грант бөліну жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Бота» қоғамдық қорына сілтеме жасап. Айта кетер жайт, барлық стипендиаттарға волонтерлік жобаға қатысып, оған бүкіл оқу жылының 20 сағатын бөлуі қажет. Бұған ҮЕҰ-лардан құрылған ерікті жұмысты немесе түрлі қызметтер көрсету бойынша (мысалы, балаларды оқыту, жергілікті балалар үйінде шаралар ұйымдастыру, т.б.) тәуелсіз жобаны жүзеге асыру жатады. Сондай-ақ стипендиаттардың «Бота» қоры ұйымдастырған оқу семинарлары мен кәсіби даму бағдарламаларына қатысу керек. Бұған қоса, олар академиялық үлгерім, үлгерім туралы ақпарат тізімі және бөлінген грант бойынша қаржылай есеп берулері тиіс.Қордың гранттарына ие болғысы келген үміткерлер осы көктем айларында өтініш берулері керек.