«БОТА» қорының білім гранттары бағдарламасы 2011-2012 оқу жылына 300-ден астам грант бөледі
Байқаулық сауалнамаларды қабылдау мерзімі 8 аптаны құрайды және 2011 жылдың 31 наурызында аяқталады. Бағдарламаның нәтижесінде 300-ден астам үміткер білім грантының иегері атанады. Грант жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен (4 жылға дейін) бір жылға беріледі. Грант жеңімпаздарының есімдері 2011 жылдың тамыз айында белгілі болады, деп хабарлады «БОТА» қорының Байланыс және даму департаментінің маманы Мөлдір Бекжан.
«БОТА» қорының Білім гранттары бағдарламасы жоғары академиялық көрсеткішке ие, бірақ оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ және мемлекеттік грант бойынша өтпеген әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы жастарға Қазақстанның кез келген колледждері мен ЖОО-да жоғары білім алуға көмектеседі. Өз қызметінің алғашқы екі жылында «БОТА» қоры Білім гранттары бағдарламасы бойынша бағдарламаның академиялық және қаржы талаптарына жауап беретін 319 үміткерге грант бөлді. Білім гранттары бағдарламасы бойынша оқитын бірқатар студенттер колледжде оқуға шешім қабылдаса, өзгелері Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университеті және КИМЭП, Астана қаласындағы Еуразиялық Ұлттық университеті, Қарағанды Мемлекеттік университеті сынды белді университеттерді таңдады.
Грант оқу өтемақысымен қоса, панажай, жол және күнделікті шығындарды жабатын шәкіртақыны қамтиды. Сонымен қатар, грант иегерлері бір жыл ішінде олардың сәтті академиялық бастамаларын қолдауға бағытталған кәсіби даму семинарларына қатысу мүмкіндігіне ие. Осы жылы «БОТА» қорының әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы жастар мен балаларға көмек көрсету қызметімен үндес мамандықтарды таңдаған үміткерлерге грант беру туралы шешім қабылдау барысында артықшылық беріледі.
Келесі талапкерлер бағдарламаға қатысуға құқылы: Колледжге не жоғары оқу орнына бірінші рет тапсырып жатқан, не бұған дейін қабылданбаған 29 жасқа дейінгі азаматтар мен 11-сынып оқушылары немесе түлектері. Жоғары оқу орнына бірінші рет тапсырып жатқан, не бұған дейін қабылданбаған колледждің соңғы курсының студенттері немесе түлектері. ЖОО-ның студенттері бағдарламаға қатыса алмайды.
Білім гранттары бағдарламасы ашық байқау. Бұл байқауға Қазақстанның кез келген аймағынан бағдарлама талаптарына жауап беретін үміткерлер қатыса алады. Десек те, артықшылық табыс, тұтыну және отбасы құрамы көрсеткіштері негізінде әлеуметтік жағдайы аса ауыр отбасылардағы үміткерлерге беріледі. Әрине, үміткерлер жақсы оқи алатын әлеуетін көрсете алулары керек. Білім гранттары бағдарламасына үміткерлерді таңдау барысына тәуелсіз іріктеу комитеті көмек көрсетеді.