Бөтелке «жемек» болған бірқазанға қатысты Алматы зообағы түсінік берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде Алматы зообағында пластикалық бөтелкені жұтуға тырысып жатқан бірқазанның видеосы тарады. Мекеме ұжымы аталған жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бөтелке «жемек» болған бірқазанға қатысты Алматы зообағы түсінік берді
Скрин из видео instagram.com/almatyzoo

Зообақтың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, бірқазан пластикалық бөтелкені азық ретінде емес, ойыншық ретінде пайдаланған.

«Бірқазан оның жейтін зат емес екенін түсінеді. Бірақ, бұл жануарлар қоршауына қоқыс тастай беруге болады дегенді білдірмейді. Зообақ ережесі бойынша және адамгершілік тұрғыдан да кез келген жерде қоқыс тастауға қатаң тыйым салынады», - деді зообақ ұжымы.

Сондай-ақ мекеменің баспасөз қызметі жануарлар тұрған қоршауға қоқыс тастамауға, зообақ қызметкерлерінің еңбегін бағалап, жануарларға жанашыр болуға үндеді.