«Бөтелкедегі су адамға қауіпті»- баспасөзге шолу

АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 30 шілде, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Бөтелкедегі су адамға қауіпті»- баспасөзге шолу

***

Бес жылдан бері әлемді жайлаған қаржы-экономикалық дағдарыс пен жаһандық рецессия толастаудың орнына одан әрі жалғасуда. Алайда 2008 жылы басталған депрессия бүкіл әлемді шарпығанымен, олардың АҚШ пен Еуропа Одағы экономикаларына келтірген залалы ұқсас, бірақ салдары бөлек. Бүгінгі таңда бұл айқындалып келеді. Мәселен, дәл қазір АҚШ экономикасы қайта жандана бастады. Алайда Еуропа аумағындағы экономикалық ахуал мүлде мүшкіл. Бұлай түйіндеуге әлгі дағдарыс пен рецессияның салдарын терең де мұқият зерттеген Нобель сыйлығының лауреаты, америкалық макроэкономист Пол Кругманның дәйекті сараптамалары негіз болып отыр. Мәселен, айтулы ғалымның 2008 жылы жарық көрген «Де­прес­сия экономикасы қайта оралды ма?» (The Return of Depression Economics?) атты еңбегінде «Дағ­дарыстар неге орын алады?», «Эко­номикалық дағдарыстардың сал­дарын қалай тізгіндеуге болады?» сияқты өткір сауалдардың жауабын іздесе, 2013 жылы бас­падан шыққан «Бұл дағдарысты дәл қазір тізгіндеу керек!» («End This Depression Now!») ат­ты және бір сараптамалық зерт­теуін­де жойқын депрессияны ауыз­дықтаудың нақты жолдары мен әдістерін іздестіреді. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымындағы «Америкалық макроэкономистің пайымдары нені аңғартады?» атты сараптамаға көңіл аударғаныңыз жөн.

Осы газетте «Генерал 11 жылға сотталды» деген мақала берілген. Кеше Қорғаныс министрлігі қару-жарақпен қамту басқармасының бастығы болған генерал Алмас Әсенов 11 жылға сотталды. Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының шешімімен ол жазасын қатаң режімдегі колонияда өтейтін болды. Биылғы қаңтар айында құ­қық қорғау қызметкерлері А. Әсе­новті 200 мың доллар пара алып жатқан жерінен қолға түсірген болатын. Ол параны әскери техникаларды жөндегені туралы «Укрспецэкспорт» компаниясы қызметкерлеріне жалған құжат ресімдеп бергені үшін алған көрінеді. Әскери соттың шешімімен А. Әсеновке пара берген Украина азаматтары Алек­сандр Школяренко мен Алек­сандр Хрулев кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандықтары­нан айырылды. Екеуінің де мүлкі тәркіленді. Әскери техниканы жөндеу келісіміне байланысты жасалған құжаттар тізімінде былтыр Шым­кент маңында апатқа ұшыраған АН-72 ұшағы да бар болып шықты.


***


«Айқын» басылымының жазуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды «Орталық Азия бойынша ішімдікті көп қабылдайтын мемлекеттердің бірі» деп таныған болатын. Статистикаға сүйенсек, әрбір қазақстандық жылына 11 литр ішімдік ішеді. Тіпті, халқы бізден көп Қытайдың өзі мониторинг тізімінде бізден кейінгі орында болып шықты. Сол себепті бүгінде елімізде ішімдікпен күресу, қоғамды алкогольден аластатып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға үндеу, ішімдік ішетіндердің қатарын азайту - басты назарда. Осыған орай, «Бауыржан қоры» бастаған «Сенің таңдауың» Республикалық қоғамдық қозғалысы «Ішімдікті ынсаппен тұтыну» науқанын өткізуде. Ұйымдастырушылардың көздегені - жұртшылыққа ішімдікті шектен тыс тұтыну адамның өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға үлкен ықпал ететінін, сондай-ақ денсаулық үшін қауіпті әрі зиян келтіретіні жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Қыркүйек айына дейін созылатын науқан шеңберінде Астана, Қарағанды қалаларында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілсе, Алматының бірқатар түнгі клубтарында алкотестер-салпыншақтары тегін таратылмақ. Шағын алкотестер-салпыншақтардың көмегімен қалаған адам ағзасындағы ішімдік деңгейін анықтай алады. Бұл мақала «Ойланып ішсең, опық жемейсің» деген атаумен басылған.

Осы басылымда «Бөтелкедегі су адамға қауіпті» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Ғалымдар «бөтелкедегі судың пайдасынан зияны көп» деген қорытындыға келді. Химиялық сараптама барысында мұндай сулардың құрамындағы залалсыздандырушы заттар, фармацевтикалық препараттар және басқа да химикаттар үлесі жоғары екендігі анықталды. Аталған заттардың барлығы адам денсаулығына айтарлықтай залал келтіруі мүмкін. Онымен салыстырғанда құбырдағы су әлдеқайда таза. Бұл туралы Rbcdaily газеті хабарлады. «Адам денсаулығына пайдалы», «таза су» деп жарнамаланып жатқан бұл суларға қатысты бұдан бұрын да бірнеше рет айтылған. Зерттеулерге сүйенсек, мұндай судағы ең қауіпті дүние - пластикті жасауда қолданылатын бисфенол-А. Бұл зат бөтелке жылы жерде біраз уақыт тұрған кезде бөлінеді екен. АҚШ-тағы зерттеулердің бірінде қатысушылардың 95 пайызының зәрінде бисфенол-А анықталыпты. Осы жолғы зерттеуді жүргізген австралиялық таксология профессоры Крис Уиндердің айтуынша, жануарларға жасалған тәжірибенің арқасында бисфенол-А-ның әртүрлі ауруларға себепші болатыны дәлелденген. Ондай дерттердің қатарында өсу жүйесі, қалқанша безі, орталық жүйке жүйесі қызметтерінің бұзылуы сияқты қауіптілері де бар. Шамадан тыс семіріп, қан қысымы көтерілсе де бөтелкедегі судың әсері деуге болады. Бірақ бисфенол-А-ның адамға зиянына байланысты ғалымдар ойы әртүрлі. Себебі, адам мен жануарға бір элемент не әрекеттің әсері әрқалай. Зерттеу жұмыстары әзірше жануарларға жүргізілген.


***


«Биыл Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тахауи Ахтановтың туғанына 90 жыл толады. Ақтөбе өңірі бұл датаны республикалық көлемде атап өткелі отыр. Облыс орталығында Тахаң мен лирика дүлдүлі Қуандық Шаңғытбаевқа біртұтас ескерткіш кешені орнатылады. Жыл бойы Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы бойынша «Оқитын өлке» акциясы өткізіледі. «Тахауи тағылымы» деген атпен Қазақстан драма театрларының ХХІ республикалық фестивалі, осы фестиваль аясында «Т. Ахтанов және қазіргі қазақ драматургиясы» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Бұлар той аясында өткізілетін шаралардың бірқатары ғана», деп жазады «Қазақ әдебиеті» газеті. Бұл мақала «Жаңа өрлеудің басы еді» деген атпен беріліп отыр.