«Боялған ақша» жобасы Атырауда 30 жыл жөнделмеген жол қаржысына қолданылады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Ақшаны бояу» жобасын енгізуді қолға алды. Қазір аталған жоба ауыл шаруашылығы, автомобиль және теміржол құрылысы секілді стратегиялық маңызды секторларда басталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл жобаны «Цифрлық теңге» платформасында іске асыру көзделген. Елімізде алғаш рет іске асырылатын тың жобаның қандай тиімді тұсы бар?
— Бұл бюджет қаржысының жұмсалуына бақылауды күшейтуге ықпал етеді. Қаржыны игеру кезінде ашықтықты қамтамасыз етіп, жемқорлық тәуекелдерін азайтуда маңызды құралға айналады. Бюджеттен қаржы бөлуден бастап, оны толық игергенге дейінгі кезеңді бақылауға мүмкіндік береді. Әр теңгеге бірегей цифрлық белгі қойылып, жымқыру мүмкіндігін болдырмайды, — деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
«Ақшаны бояу» жобасы Атырау облысындағы «Мұқыр-Құлсары» бағытындағы жолды жөндеу жобасына қолданылады. Аталған жолды жөндеуге 2,1 млрд теңге бөлінген.
Бұл жолға соңғы 30 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген. Енді «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ-ның тапсырысымен Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылынан Жылыой ауданының орталығы — Құлсары қаласына дейінгі жолдың құрылысы басталған.
«ҚазАвтожол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Аслан Дүйсеновтің мәліметінше, аталған жолдың жалпы ұзындығы — 136 шақырым, ені — 7 метр.
— Биыл 42 шақырым жолды жөндеу жұмысы қолға алынды. Оны «Атырауинжстрой» ЖШС атқарады. Ал 43-тен 136 шақырым аралығындағы жол құрылысы үшін мердігер мекемені анықтау үшін конкурс өтіп жатыр. Аталған жолдағы жұмыстарды 2025-2026 жылдар аралығында жүргізу жоспарланды, — дейді Аслан Дүйсенов.
Оның айтуынша, бұл жол салынғаннан Қызылқоға және Жылыой ауданы аралығында тіке қатынас орнайды.
Бұрын бұл ауданның тұрғындары Құлсары қаласына бару үшін Мақат ауданындағы Доссор кенті арқылы өтетін жолмен қатынаған.
— Жолды толық жөндегеннен кейін Ақтөбе облысынан келе жатқан көліктер Мұқыр ауылы арқылы Құлсары қаласына тіке шығады. Бұл әсіресе жүк көліктері үшін тиімді бағыт болады. Жол ұзақтығы кем дегенде 2 сағатқа қысқарады, — дейді Аслан Дүйсенов.
Жүргізушілер де аталған жолдың тезірек жөнделгенін қалайды. Құлсары қаласының тұрғыны Нұрлан Қилыбаев бұрын Мұқыр ауылында тұрған.
— Жұмыс бабымен Құлсары қаласына көшіп келген едім. Бірақ ауылыма жиі барамын. Сол кезде алдымен Доссор кентіне барып, содан соң Атырау-Ақтөбе жолымен Мұқырға жетемін. Бұл біраз уақыт алады. Енді Құлсары-Мұқыр бағытындағы жол тезірек жөнделсе, екі аралыққа тез жетуге болар еді, — дейді Нұрлан Қилыбаев.
Құлсары-Мұқыр бағытындағы жолдың бойында екі елді мекен бар. Бірі — Қоңыраулы, екіншісі — Тасқұдық. Екеуі де Қызылқоға ауданының аумақтық бөлісіне кіреді.
Қоңыраулының тұрғындары төрт түлік малмен ғана отыр. Ал Тасқұдық елді мекенінің кейбір тұрғындары мұнай тасымалдау компаниясында жұмыс істейді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында биыл салынған жолдан 311 ақау анықталғанын хабарлаған болатынбыз.