Бойжеткенді құтқарған майор: Бір секунд та ойланған жоқпын
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаскөйдің шабуылынан бойжеткенді құтқарып алған Ұлттық ұланның офицері - майор Тимур Рахимов болған оқиға туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Майор Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлім командирінің тәрбие және орталық-құқықтық жұмысы бойынша орынбасары болып еңбек етеді.
«Мен әу баста қарапайым кикілжің деп ойладым. Жігіті бойжеткенімен ұрсысып қалған болар деп топшыладым. Бірақ жұлыса бастаған екеуін көріп, шабуыл жасамақ болған жігіттің айтарлықтай пиғылы барын аңғардым. Айғай салып едім, жігіт қаша жөнелді. «Тоқта» дегенге қарамай, бір шақырымдай артынан қууға тура келді. Қалың жауған қардың үстінде мен оған жетіп алып, оны қозғалтпадым. Оның қолында пышақ немесе тапанша болуы мүмкін деген ойда болдым», - дейді телефон арқылы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне жауап берген ол.
Тимур Рахимов қаскөйді тәртіп сақшылары келгенше тапжылтпадым. Ақыры, оқиға болған жерге жақын маңнан сөмке мен пышақ табылған. Ал бұл уақытта бойжеткеннің қасына жедел жәрдем қызметі мен туыстары келген екен. Бәрі сәтті аяқталғанына көздері жетіп, қуаныштан Рахимовқа алғыстарын жаудыра беріпті.
«Бір секундта ойланған жоқпын. Мен әскери киімде болғанымдықтан, мұның өзі маған халықты қорғауды жүктейді. Біз халыққа қызмет етеміз. Елді қорғау - әрбір әскери қызметшінің парызы. Ұлттық ұланның әскери қызметшісінде бұл жауапкершіліктің жүгі екі есе ауыр. Менің жасаған әрекетім өзге де әскерилерге үлгі болар деген сенімдемін», - дейді ол.
Тимур Рахимов мұндай жағдай басынан тұңғыш рет өткенін тілге тиек етті.
«Шынымды айтсам, мұндай жағдайға тап болып көрмеппін. Құтқарып алған бойжеткенді тауып алып, жағдайын білсем деймін. Себебі, туыстары оның психологиялық тұрғыда ауыр зардап шеккенін айтады. Қазір туыстары оны жалғыз жіберуге қорқып отырған көрінеді», - дейді Т.Рахимов.
Майордың айтуынша, ұсталған жігіт Өзбекстан елінің тумасы болып шыққан. Бұрын РФ-да 10 жыл түрмеде отырған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Астана қаласының Сарыарқа ауданында Ұлттық ұлан офицері майор Тимур Рахимов темір торда жазасын өтеген қылмыскерді қолға түсіргені хабарланған болатын.