Бойжеткеннің өмірін 250 мың теңгеге бағалаған – Жандос Басыбаев
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр адам саудасына қатысты 11 дерек тіркелді. Оның басым бөлігі - жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық бойынша. Ал екі жағдайда 40 жастағы әйел бойжеткенді басыбайлы сатпақ болған. Неліктен қылмыстың бұл түрін сотқа дейін жеткізу қиын? Кімдер «қармаққа» түседі? СҚО полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаев тілшіміздің сұрақтарына жауап берді.
- СҚО-да адам саудасына қатысты фактілер қаншалықты жиі тіркеледі? Соңғы жылдары көбейді ме, азайды ма?
- Адам саудасы ауқымды ұғым. Былтыр 11 факті тіркелді, бұл тек ҚР Қылмыстық кодексінің 128 бабы - адам саудасы ғана емес, оның ішіне ҚР Қылмыстық кодексінің 126 бабы - адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, ҚР Қылмыстық кодексінің 309 бабы - жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық, сондай-ақ көрінеу жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысуға үй жай беру кіреді. Мәселен, былтыр тіркелген деректердің екеуі тікелей адам саудасына, 8-і притон ұйымдастыруға, біреуі – адамды бас бостандығынан заңсыз айыруға қатысты. Ал көрінеу жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысуға үй жай беру әкімшілік құқықбұзушылық болып есептеледі. Нақтырақ айтсақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 450 бабы. Былтыр оның 19 дерегі тіркелді. 17 адамға, олардың барлығы 25 пен 45 жастағы әйел, 100 АЕК, яғни 345 мың теңгеден жоғары айыппұл салынды. Ал егер ол заңды тұлға болса, мәселен монша, сауна иесі, мұндайда 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады және сот оның қызметін 1-2 айға шектеуге шешім шығара алады.
Негізінен ҚР Қылмыстық кодексінің 126, 128 баптарына басымдық береміз. Бұл өте ауыр баптар десек болады, өйткені қылмысты дәлелдеу қиын. «Инемен құдық қазғандай» десек қателеспейміз. Қылмыскердің кінәсін дәлелдейтін материалдарды жинау оңай емес.
Ал соңғы жылдары мұндай факті көбейді ме, азайды ма – айта алмаймыз. Өйткені Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметі 2022 жылдың шілде айында ғана қайта жұмысқа кірісті. Алдында болған, кейін таратып жіберіп, бөлімшенің міндетін криминалдық полиция басқармасы атқарды. Екі жыл бұрын жаңадан штат жасақтап, қыркүйек айында іске кірістік.
- Жақсы, былтыр адам саудасына қатысты тіркелген оқиғаға тоқталайық. Қылмыскерлердің ізіне қалай түстіңіздер?
- Жедел ақпарат түсіп, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлерінің назарына Ақмола облысы Есіл қаласының 40 жастағы тұрғыны ілікті. Әйел Петропавлға жиі келгіштеп, клиенттерге интимдік қызмет көрсетуге бойжеткендерді, соның ішінде кәмелет жасына толмаған қыздарды ұсынған. Тексере келе оның қыздарды «тірі тауар» ретінде сататындығы да анықталды. Яғни сатып алған кісі оны құл ретінде ұстап, ойына келгенін істей алады. Жедел ақпарат түскен кезде мәселен, әйел сатпақ болған қыз кәмелет жасына толмаған еді.
Сұранысқа қарай ұсыныс болады. Әрі «бизнестің» бұл түрі өте үлкен пайда әкеледі. Қызығушылық танытқандарды анықтап, бақылауға алдық. Қылмыстық іс қозғап, қажетті материалдарды жинадық, дәлел жеткілікті болуы үшін арнайы техникалық құрылғыларды да заңды түрде пайдаландық. Осылайша Қостанай қаласының 19 жастағы тұрғынын Петропавлдағы сауналар мен қонақ үйлерде интимдік қызмет көрсетуге пайдалану үшін жалға алынған пәтерлердің бірінде сатып жатқан жерінен әйел қолға түсті. Бойжеткеннің өмірін қылмыскер 250 мың теңгеге бағалаған.
Ұсталған әйелдің 4 баласы бар, өзі жезөкшелікпен айналыспаған. Арнайы мамандығы болмаса да, психологияны жетік меңгерген. Әлеуметтік желі арқылы қыздарды іздеп, кәмелет жасына толмағандарды, тұрмысы төмен немесе толық емес отбасынан шыққан, материалдық жағдайы нашар, жетімдерді құрығына түсірген.
Танысып, сенімге кіріп, жұмыс табуға көмектесем деп Петропавлға шақырған. Ал келгеннен кейін қорқыту, ұру, психологиялық қысым көрсету арқылы ырқына көндіріп, жезөкшелікке салған немесе сатқан.
Ұстау кезінде пәтерде оның екі құрбаны болды. Екі бойжеткен де, соның ішінде сатылуы тиіс қыз арнайы орталыққа орналатырылып, тиісті көмек алды.
Әйелдің кінәсі толық дәлелденді. Петропавл қалалық соты оны ҚР Қылмыстық кодекстің 128,126. 309 баптары бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырды. Қазіргі уақытта Петропавлдағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр.
- Ал қызды құлдыққа сатып алмақ болған адам жазаға тартылды ма?
- Ол басында қызығушылық танытқанымен, ойлана келе қылмыс жайында полицияға хабарлауды жөн деп шешті және көмектесті. Кейін одан сұрадық қой, неге қорықтың, неге сатып алмадың деп? - Ия, сатып алсам, мүмкін ешкім білмес те ме еді. Бірақ ол кейін жұмыс істейді ғой, клиенттердің біреуі біліп қойып, полицияға хабарласа, сіздер мені құл ұстаушы ретінде жазалайсыздар. Ол кезде маған Қылмыстық кодекске сәйкес ешқандай кешірім болмайды. Яғни бірнеше жылға түрмеге отыруым мүмкін, ол маған не үшін керек? – деді. Шынында да бірнеше баппен, соның ішінде адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, жезөкшелікке мәжбүрлеу бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылар еді.
- Адам саудасына қатысты қылмыстардың басқаларынан ерекшелігі неде?
- Бұл қылмысты дәлелдеу өте қиын. Мысалы ұрлықты алсақ, заттай айғақ бар. Ал бұл жерде қылмыскер «ол өз еркімен жезөкшелікпен айналысты немесе оны ешкім күшпен ұстап тұрған жоқ, қолында телефоны бар ғой, ендеше неге құзырлы органдарға хабарласып, көмек сұрамады» деуі мүмкін. Сот та мұны ескереді. Сондықтан мұндай қылмыстық іс жарты жыл, бір жыл қаралуы мүмкін. Осы аралықта құрбандарды психологиялық тұрғыда қорғау да біздің міндетімізге кіреді.
Бұл – ұйымдасқан қылмыс. Қандай да бір құлдыққа түскендер құқық қорғау органдарынан немесе көршілерден, адамдардан көмек сұрауға немесе қашып кетуге, телефон соғуға батылдары жетпейді. Мұндай адамдарды тапқан кезде олар психологиялық күйзелісте болады, физикалық тұрғыда да ештеңеге шамасы жоқ, құр сүлдері қалған.
Мысалы бойжеткенді сатпақ болған әйел бірінің баласын, енді бірінің ата-анасын өлтірем деп құрбандарын қорқытқан. Сөз өтпегендеріне физикалық күш қолданған. Салдарынан жапа шеккендер мойынсұнып, көндіккен. Бірақ мұның ешқайсы ескерілмейді. Сот та, прокурорлар да жапа шегушіден телефон болса, басқа адамдармен байланыс жасасаңдар ендеше неге қылмыс туралы хабарламадыңдар деп сұрайды. Ал оның сол кездегі ішкі жан-дүниесіне ешкім үңілмейді. Сондықтан көп жағдайда құрбандар «болды, мені мазаламаңдар, мені ешкім күшпен ұстаған жоқ» деп бәрінен бас тартады.
- Негізінен кімдер қылмыскерлердің құрығына түседі? Психологиялық портретін жасасаңыз..
- Толық отбасында өспей, ерте жастан психикалық қысымға ұрынғандардың басым бөлігі жаңағыдай «жеңгетайларға» оңай олжа. Әлеуметтік қамтылмаған, материалдық жағдайы өте төмен, кәмелет жасына толмағандар. Балалар үйінің түлектері немесе әжесінің тәрбиесіндегі қыздар. Яғни жақтайтын, көмектесетін ешкімі жоқтар.
Қазіргі жастардың көбісі оңай жолмен тез және көп ақша тапқысы келеді. Әдемі киінгенді, тәтті тамақтанғанды, сәнді гаджет ұстап, қыдырғанды ұнатады. Бірақ олардың бірен-сараны ғана өз қажеттілігін өтеу үшін жұмыс істеуге бар. Кейбірі заңсыз жолмен де ақша табудан кетәрі емес. Міне осындайлар «қақпанға» түсіп жатады.
Қылмыскерлер өз құрбандарын іздейді, кейін алыстан бақылайды, «жеңгетайлардың» кейбірі немесе олардың көмекшілері оқу орындарында жұмыс істеуі мүмкін. Студенттер де ақшаға мұқтаж бірге оқитындарды көрсетіп жібереді. Кейін «ойда-жоқта» танысып, дәмханаға шақырады, артынан түрлі азын-аулақ сыйлық жасауы, телефон сыйлауы мүмкін. Осылайша етін үйретіп, кейін дәмханаға апарғанының, сыйлықтарының ақысын сұрайды. Ал жас қыз ақшаны қайдан алады? Жаңа танысы, әрине, қарыздан құтылу үшін «оңай» ақша табу жолын айтып, оны тәнін сатуына итермелейді.
Қазір оқу орындарын аралап, психолог, әлеуметтік педагогтермен бірге анализ жасап жатырмыз. Өкінішке орай, жезөкшелікке салынған қыздардың барлығы анықталды. Олар «жұмысқа беріліп», 2-3 күндеп сабақ та қалдырады.
- Облыста бала сату деректері болды ма?
- Жоқ, ондай факті тіркелмеді. Бірақ бұл бағыт та біздің үнемі қадағалауымызда. Сондай-ақ адам мүшелерінің саудасы да.
- Әңгімеңізге рахмет!