Божко «асфальтта өскендерді» ауылда жұмыс істеуге міндеттеуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастар аграрлық университтерді аяқтағанымен, ауылға барып жұмыс істемейді. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Божко «асфальтта өскендерді» ауылда жұмыс істеуге міндеттеуді ұсынды

«Саладағы мамандарға тоқталсақ, кадр даярлау бағытында тиісті мәселені көтеріп отырмыз. Осы тұрғыда Білім және ғылым министрлігіне де тиісті ұсыныстарды жасадық. Соның ішінде «Болашақ» бағдарламасына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласы мамандарының квотасын көбейту ескерілді. Өйткені бұл бағытта жоқтың қасы. Содан кейін бөлінетін білім гранттарын көтеру мәселесі назарға алынып отыр. Бұл ретте оқуды аяқтағаннан кейін сол мамандардың міндетті түрде ауылды жерге барып, сол жерде белгілі бір мерзімде жұмысты өтеу қадамын пысықтау керек. Басқа бір жоғары оқу орындарына өте алмағаннан кейін, біздің ауыл шаруашылығы ЖОО-ларына түсіп, оқуын аяқтағаннан соң ауылға бармайды. Солардың көбісі қыз балалар екені де белгілі», - деді министр «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту карталары - ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі одан әрі шаралар» тақырыбын талқылау кезінде.
null 

Оның сөзіне қарағанда, аталған мәселелер топтастырылып, оның жүйелі шешімін жасау шаралары қаралып жатыр.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко да саладағы маман даярлауға қатысты пікірін қосты.

«Бізде «асфальтта өскен» көп бала аграрлық университтерге оқуға түсіп жатады. Кейін ЖОО-ны тәмамдаса да, ауылға барып қызмет етпейді. Егер де мемлекет оның біліміне қаржы бөлсе, осы қаржымен тиісті талаптарды байланыстыруға да құқылы деп пайымдауға болады. Мәселен, «Болашақ» қаржы бөлсе, келісімшарт  бекітіледі және оған сәйкес маман 5-6 жыл қызметін өтеуге міндетті. Сондықтан бұл саласында да білім беруде дұрыс мәселе көтеріліп отыр және оны тездетіп алға жылжыту керек шығар. Әрине, бұл бастамамен келіспейтіндер болары анық, алайда ЖОО-ны аяқтағаннан кейін тиісті бағыт бойынша барғысы келмесе, онда білімге кететін шығынды өзі төлесін», - деп түйіндеді сөзін Божко.