Бозымбаев ең ірі үш кен орнынан қанша мұнай өндірілетінін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қашағаннан 5 млн. тонна мұнай өндірілетіндігі болжануда. Бұл туралы бүгін «Арнасай» Жасыл технологиялар орталығында ҚР Энергетика министрлігі Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бозымбаев ең ірі үш кен орнынан қанша мұнай өндірілетінін айтты

«Мұнай-газ саласы үшін 3 ірі кен орнындағы жобаларды табысты жүзеге асыру барынша маңызды. Оның біріншісі - Қашаған. 2017 жылдың 3 ақпанында «Д» аралындағы бірінші ұңғыма, 2017 жылдың наурызында «АРС-3» бірінші ұңғымасы іске қосылды. Қазіргі уақытта өндіру көлемін тәулігіне 270 мың баррельге жеткізу мақсатында шикі газды айдау құрылғысын іске қосу жұмыстары жалғасуда», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев отырыс барысында.

Оның дерегінше, ағымдағы жылы аталған кен орнынан шамамен 5 млн. тонна мұнай мен 3,1 млрд. текше метр газ өндіру жоспарланған. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 4 айында Қашағаннан 2,2 млн. тонна мұнай өндірілді.

«Ал 2017 жылы Қарашығанақта 11,8 млн. тонна мұнай мен 18 млрд. текше метр өндіру жоспарланған. 7 айдың ішінде 4,3 млн. тонна сұйық көмірсутегі өндірілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12 пайызға артық», - деді ол.

Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін Теңіз кен орнынан 27,5 млн. тонна мұнай мен 4,5 млрд. текше метр газ өндіру көзделген. Осы жылдың 4 айында бұл кен орнынан 9,7 пайыз мұнай алынды. Бұл өткен жылғы кезең көрсеткішімен бірдей.