Бозымбаев халықты энергиямен қамтамасыз етудегі кедергілерді атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 7,5 млрд. теңгені құрайды.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.
«Энергия кәсіпорындарындағы жөндеу жұмыстарын ойдағыдай жүргізуге және тұтынушыларды энергия көздерімен тұрақты қамтамасыз етуге кедергі болып отырған негізгі себептердің бірі отынға дебиторлық берешектің көп болуы. Мысалы, қыркүйектің ортасына энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы шілде айына дейінгі берешегі 7 471 млн.теңгені құрайды»,- деді ол.
Министрдің айтуынша, оның ішінде «МАЭК-Казатомпром» ЖШС - 3 584 млн. теңге, «Энергоорталық-3» АҚ 1 686 млн. теңге, «Қызылордатеплоэлектроцентр» ГКП - 1 073 млн. теңге, «Жайықжылуэнерго» АҚ 466 млн. теңге, «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС, - 457 млн. теңге, «Ақтөбе жылу электр орталығы» - 205 млн. теңге қарыз.
«Энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь Көмір» АҚ алдындағы қарызы 461 млн.теңгені құрайды. Оның ішінде: «Севказэнерго» АҚ - 250 млн. теңге, «Астана-Энергия» АҚ - 177 млн. теңге, «Екібастұз ГРЭС-2» - 34 млн. теңге. «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамының «Восточный» АҚ «ЕЭК» алдындағы берешегі - 536 млн. теңгені құрап отыр», - деді Қ.Бозымбаев.