Бозымбаев қазақстандықтардың ОПЕК-ке қызығушылығы артқанына таң қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін халықпен есепті кездесуін өткізген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев соңғы уақытта қазақстандықтардың ОПЕК-ке қызығушылығы артқанына таң қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бозымбаев қазақстандықтардың ОПЕК-ке қызығушылығы артқанына таң қалды

«Қазақстанда ОПЕК-ке қызығушылық өте белсенді болып тұр. Бұл мұнайдың баррелі 30 долларға дейін құлдыраған соң шығар. Барлық қазақстандықтар ОПЕК-тің не екендігін, шектеуді және біз күніне қанша баррель өндіре алатындығымызды білді», - деп атап өтті министр.

Ол Венада өткен ОПЕК елдерінің және оған кірмейтін елдердің кездесуінде  мұнай өндіру өсімін тоқтату туралы бұған дейінгі құжатты 2018 жылдың 1 сәуіріне дейін, 9 айға ұзарту туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті.

«Сондықтан біз бұған дейінгі 6 айға  алған міндеттемені 1 шілдеге дейін орындауға, одан кейін дәл осы деңгейді кемінде осы жылдың ішінде сақтауға тиіспіз. Біз барлық мұнай өндіруші елдер сияқты мұнай бағасының 30 доллар деңгейінде болмауына мүдделіміз. Естеріңізде болса, өткен жылдың бірінші тоқсанын барреліне 30 доллармен аяқтаған едік. Қабылданған шаралардың және аталған келісімге қол қоюдың арқасында осы жылдың бірінші тоқсанында мұнай өңдеуші компаниялар Brent  маркалы мұнайдың бір баррелін 52 доллардан сатты. Бүгінде  баға 51-52 доллар деңгейінде тұр. Меніңше, қол қойылған келісім өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Қазақстан мүмкіндігінше және қажеттілігіне орай өз міндеттемелерін орындайтын болады», - деді Бозымбаев.