Бозымбаев Теңіздің өндірістік қуаттылығын арттырудағы Қазақстанның үлесін атады
«Энергетика саласына инвестиция тарту қарқынды жүріп жатыр. Ең бастысы жалпы құны 37 млрд долларды құрайтын Теңіз кен орнын кеңейту жобасы бар. Аталған қаржының біраз бөлігі Атырау облысына құйылып жатыр. 27 мың адам сол жобада жұмыс істеуде. Әлемнің 100-ден астам компаниясы қатысуда», - деді ол.
Осы ретте министр кен орнын кеңейту барысындағы құрылыс жұмыстарында да, бұрғылау жұмыстарында да қазақстандық үлестің жоғары болатындығын айтты.
«Құрылыс жұмыстарындағы қазақстандық компаниялардың үлесі 60 пайызға жақын болады. Ал бұрғылау жұмыстарындағы үлесіміз 50 пайыздан асып жығылады. Жалпы жобадағы қазақстандық үлес 35-36 пайызды құрайды», - деді Қанат Бозымбаев.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 5 шілдесінде «Теңізшевройл» ЖШС Батыс Қазақстанда орналасқан Теңіз кен орнының өндірістік қуаттылығын арттырудың келесі сатысы болып табылатын Келешек кеңею жобасы мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыруға қатысты ақырғы шешімнің қабылданғанын хабарлаған болатын.