Бозжырадағы жабайы туризмді жөнге салмасақ, табиғаттың түбіне жетеміз – эколог

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология саласының белгілі маманы Орынбасар Тоғжанов 18 жыл бойы Маңғыстау өлкесінің экологиялық жағдайын жақсарту, сондай-ақ экотуризмді ұйымдастыру мәселесімен тұрақты айналысып келеді. Өңірге қарасты Бейнеу және Қарақия аудандарының құрметті азаматы біраз уақыттан бері Бозжыра аңғарында жабайы туризм белең алып, реттелмеген көлік ағыны жануарлардың тынышын бұзып жатқанына алаңдаушылық білдіріп жүр. Осыған орай эколог-маманның аталған аумақтағы жағдайды реттеу жолдарына қатысты пікірі мен ұсыныстарын білген едік, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бозжыраға келушілер саны жыл сайын еселеп артуда. Алайда қаражат тапшылығынан туристік қызметті талапқа сай ұйымдастыруға мүмкіндік болмай, Бозжыра аңғарына Үстірт шыңының үсті және асты арқылы андыздап келетін ондаған борпылдақ дала жолдары пайда болды. Олармен бірнеше автокөлік әр жолмен қапталдаса, андағайлай жүйткіген кездегі алапат ақ тозаңды көргенде жаныңыз түршігеді. Ал адамның қысастығынан жөңкіле қашқан арқар, қарақұйрық сынды аңдардың көрінісі жүрек сыздатады. «Жабайы туризмді» тәртіпке салып, «экологиялық туризмге» айналдырмаса, андыздаған жол, андағайлаған автокөлік ағыны жанды және жансыз табиғаттың түбіне жететіні анық»,- дейді ол.

Сарапшы маман инвестор компанияларды алыс-жақыннан келген туристерді қабылдайтын бір қабатты қонақүйді Бозжыра найзашыңдары түбінен салу жөніндегі ұсынысына қарсы болып, өз уәжін жиналыстарда білдірген.

«Сонымен қатар бірқатар азаматтар ұсынғандай, туристік қабылдау орнын 10-50 шақырым қашықтан салудың тиімсіздігіне де көз жеткіздік. Себебі алыстағы туристік қабылдау орнында тұрып, сан-сапат дала жолымен туристердің қандай көлікпен, қай жақтан келгенін, қалай жүргенін, не жасап жатқанын, осындайөзге де әрекеттерін бақылау, реттеу мүмкін болмайтынын түсіндік. Сондықтан шағын қонақ үйі, визит-орталығы бар туристік нысандар бірнеше шақырымдағы аңғар мен найзашыңдар түгел көрінетін төбе үстінде орналасуы қажет. Онда мәдени туризмді ұйымдастыру үшін міндетті түрде қонақ үй, автотұрақ, келушілердің түрлі қажеттерін өтейтін орындар, пайдаланатын ат, түйе, басқа да «экокөліктер» мен әуе шарларын сақтайтын және қызметшілер мен гидтерге ыстық-суықта паналайтын баспана болуы керек. Егер мұндай орын тым қашықта болса, Ақтаудан екі-үш сағатта жетіп баратын теп-тегіс жолда көпшілік оған тоқтамай-ақ, бірден Бозжыраға тартатыны сөзсіз»,- дейді О.Тоғжанов.

Жол мәселесін айта келе маман Бозжыра аумағында автоқозғалысқа шектеу қою қажеттігін де түсіндірді.

«Бекет атаға 15 шақырымдай жетпей «Ата жолынан» бұрылып шың үстіндегі Бозжыра панорамалық алаңқайына баратын, ұзындығы небәрі 10 шақырым жолға қатқыл табан төсеп, биіктегі басқа автоқозғалысқа мүлдем тыйым салу керек. Бозжыра алқабын толық бақылауда ұстап, оның экологиялық және рекреациялық сыйымдылығын ескере отырып, туристерді арнаулы соқпақпен жаяу немесе ат, түйе, велосипед, өзге де «экологиялық таза» көлікпен қозғалуға, әуе шарымен көтерілуге, биік мұнараларға шығуға ғана рұқсат беруге болады», - деді маман.

О.Тоғжановтың пікірінше, жайылымы мол Бозжыра шатқалдарының жақын қолайлы жерінен аң ішетін су көзін жасаса, туристер Бекет ата басындағыдай адамға үйренген аңдарды да тамашалай алады.


Соңғы жаңалықтар