Бір адам жансақтау бөлімінде – дәрігерлер Қарқаралыдағы өрттен зардап шеккендердің жағдайын айтты
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы Қарқаралы ауданындағы дала өрті кезінде зардап шеккендердің жағдайы туралы хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, бір адам реанимацияда, төрт адамның жағдайы тұрақты, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.
«Қарқаралы ауданының Шептікөл ауылында дала өртін сөндіру барысында 5 адам зардап шекті. Төрт пациенттің жағдайы тұрақты деп бағаланады. Бесінші науқастың жағдайы ауыр (күйік 35% денесін шалған) және ол реанимацияда. Барлық зардап шеккендерге стационарда қажетті медициналық көмек көрсетілуде», — деп мәлімдеді Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматология орталығының басшысы Берік Төлеубаев.
Анықталғандай, жан сақтау бөлімінде жатқан науқас жергілікті тұрғын және ерікті өрт сөндіру бөлімінің мүшесі болып шықты.
«Құрметті тұрғындар, сағат 11.00-дегі жағдай бойынша баяндаймын. Өртпен күресу үшін 562 адам және 81 бірлік техника жұмылдырылды. Құтқарушылар тамақпен, сумен, техникаға қажетті ЖЖМ толық көлемде қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, ауданның азық-түлік дүкендерінде қажеттінің бәрі бар — азық-түлік, су және т. б. Өрт 35 мың гектар аумаққа тарады, бірақ ең бастысы елді мекендерден алшақ жерлерде», — деді Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.
Сондай-ақ, ол мал қырылуы туралы ақпарат түспегенін және олар барлық фермерлермен үнемі байланыста екенін атап өтті.
«Барлық тұрғындардан жалған ақпарат таратпауын сұраймын. Аудан әкімдігінде 8 72146 31 3 66 жедел желісі жұмыс істейді, барлық сұрақтарды осы телефон арқылы нақтылауға болады. Құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, өртті жою бойынша барлық шаралар қабылдауда», — деді аудан әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қазанда Қарқаралы ауданында дала өрті басталды. Өртті сөндіру кезінде 24-ӨСБ азаматтық қорғау сержанты Хали Хайрат қаза тапты.
Осыған дейін Баянауылда өрт шалған жерлердің аумағы 10 мың гектарға жеткеннін жаздық.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Қарағанды облысында тұтанған дала өртіне байланысты тың мәліметтерді жариялады.
Ал Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов қазір әлеуметтік желілерде түрлі көмек ұйымдастырып жатқандар туралы ескертті.