Бір аккаунт үшін 10 жылға сотталуыңыз мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Kolesa Group пен Бас прокуратура интернет-алаяқтарға қарсы күресті күшейтті. Соның арқасында Kolesa.kz-тегі мыңнан астам алаяқтық аккаунт бұғатталды.
Бас прокуратура хабарландыруларды орналастыруға арналған онлайн-платформалармен тұрақты түрде байланыс орнатып, өзара іс-қимылды жүзеге асырып келеді.
«Kolesa Group» компаниясымен бірлескен жұмыс аясында жарнама алаңдарында азаматтарды алдау үшін пайдаланылған 1 мыңнан астам алаяқтық аккаунт пен хабарландыру бұғатталды.
Өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мақсатында Бас прокуратура мен «Kolesa Group» интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар ақпаратпен жедел алмасып, қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысында қажетті деректерді ұсынып, сондай-ақ алаяқтық аккаунттар мен хабарландыруларды бұғаттау жөнінде шаралар қабылдайтын болады.
Бұл қылмыстарға қатысы бар адамдарды неғұрлым жылдам анықтауға және олардың қылмыстық әрекеттерінің жолын кесуге мүмкіндік береді.
Бас прокуратура жарнама алаңдарының пайдаланушыларын өз аккаунттары мен деректерін алаяқтарға берудің жауаптылығы туралы ескертеді.
— Егер олардың қандай мақсатта пайдаланылатынын білмесеңіз, басқа адамдардың өтініші бойынша есептік жазбалар ашып, хабарландырулар орналастырмаңыз. Мұндай жағдайда аккаунт иесі алаяқтыққа көмектесуші ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Бұл үшін 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, — деп түсіндірді мамандар.
Бұған дейін Астанада маркетплейс жүргізу бойынша оқыту қызметін ұсынып, алаяқтық жасаған әйел сотталғанын жазғанбыз.