Бір аптада 10 мыңға жуық алматылық ЖРВИ-мен ауырды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар бойынша эпидемиологиялық ахуал қалыпты. Бұл туралы қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлім етті.
Эпидемиологтың айтуынша, өткен аптада ЖРВИ жұқтырған 9890 адам тіркелген. Бұл – былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,8% - ға төмен.
Жаңа эпидемиологиялық маусым басталғалы тұмаудың А/H3N2 типті вирусы таралған, тұмаумен сырқаттанушылықтың 232 жағдайы тіркелді. Сондай-ақ, Сovid-19-ға науқастардан 290 сынама алынып зерттелді, оның ішінде 58-і оң нәтиже көрсетті.
«Тәуекел тобындағы» адамдарды вакцинациялау үшін 210 000 доза мөлшерінде үш валентті тұмауға қарсы «Гриппол Плюс» вакцинасы сатып алынды. Тұмауға қарсы вакцинация қыркүйек айынан басталып, қараша айының аяғына дейін жалғасады»,- деді ол.
Айтуынша, қаладағы емдеу мекемелері эпидемиологиялық маусымға дайын. Тұмауға қарсы препараттар мен медициналық маскалар қоры жеткілікті.
Осыған дейін спикер Алматыда коронавирусқа қарсы вакциналар жоқ екенін айтқан болатын.
Бұдан бөлек емдеу мекемелері күшейтілген жұмыс режиміне көшетіні туралы жазған едік.