Бір аптадан соң келесі Паралимпиадаға дайындықты бастаймын – Дастан Мұқашбеков
АСТАНА. KAZINFORM – Ядро лақтырудан XVII жазғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Дастан Мұқашбеков Парижден елге оралды.
Паралимпиада жеңімпазын елорда әуежайынан жақындары, әріптестері, спортшылар, жаттықтырушылар мен БАҚ өкілдері қарсы алды.

Дастан Мұқашбеков ұшақтан ұлттық шапан киіп шықты. Ол шапан киюді ядро лақтырудан өткен әлем чемпионатынан кейін дәстүрге айналдырған.

«Мені қолдаған барша жанкүйерге рақмет. Ата-анама, жұбайыма, балаларыма ерекше алғыс айтамын. Қарсыластарым өте мықты, бәрі де Паралимпиада, әлем чемпиондары. Бір аптадан соң келесі Паралимпиадаға дайындықты бастаймын. Алда жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты болады, соған қатысқым келеді», - деп бөлісті Дастан Мұқашбеков.

Сондай-ақ ол бұл жеңісін барша қазақстандыққа арнайтынын айтты.
Айта кетейік, Дастан Мұқашбеков XVII жазғы Паралимпиада ойындарында ядро лақтырудан қола жүлдегер атанды. Спортшы ядроны 16 метрге лақтырып, Азия құрлығының жаңа рекордын орнатты. Бұл – қарағандылық спортшының Паралимпиада ойындарындағы алғашқы жүлдесі.