Бір айда пластикалық отадан 2 адам мерт болды: медициналық мекемелер тексеріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде соңғы уақытта пластикалық ота жасатамын деп қайғылы жағдайға ұшыраған азаматтар саны жиілеп отыр. Бір ай ішінде Ақтау мен Алматыда екі адам косметикалық операциядан көз жұмды. Қайғылы оқиғаға не себеп болды? Оған кім жауапты? Бұл мәселе Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында талқыланды.

пластическая хирургия
Фото: Гүлмира Қобыландина

Ақтаудағы жағдайға тоқталсақ, 49 жастағы Ербол Айтуов жеке медициналық орталыққа иек тұсына липосакция жасату үшін барған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ота кезінде наркоз салынғаннан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Соның салдарынан науқас инсульт алып, комаға түскен. Ер адам бір ай бойы ес-түссіз жатып, мамыр айының басында көз жұмды. Марқұмның жақындары дәрігерлердің салғырттық танытқанын айтады.

ыв
Фото: Видеодан алынған скрин

Мұндай жағдай екі апта бұрын Алматы қаласында да тіркелді. Жеке клиникалардың бірінде блогер Сәуле Базархан пластикалық ота кезінде көз жұмды. Жақындарының айтуынша, емхана қызметкерлері оның жағдайы туралы дер кезінде хабарламаған.

— Менің білуімше, барлық қажетті анализдер алдын ала жасалған. Тексеру нәтижелері қалыпты деп танылғаннан кейін ғана қарындасым операцияға шақырылған. Ота алдында дәрігер оның жағдайына қатысты: «Қорқатын ештеңе жоқ, анализдеріңіз жақсы, бір-екі сағатта аяқтаймыз» деп айтқан. Қайғылы хабар бізге клиника тарапынан емес, туыстар арқылы кешкі сағат жеті шамасында белгілі болды. Марқұмның артында екі ұлы қалды. Біздің білуімізше, бұл оның пластикалық бағыттағы алғашқы операциясы болған, - деді Сәуле Базарханның ағасы Болатхан Ермахан.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

Қазір марқұмның өліміне байланысты тергеу басталды. Ағасының айтуынша, ол тергеудің толық әрі объективті жүргізіліп, өлімнің нақты себебі анықталғанын және кінәлілердің заң аясында жауапқа тартылуын қалайды.

Алматыдағы қайғылы жағдай: медициналық мекемелер жаппай тексеріле бастады

Алматыдағы қайғылы жағдайдан кейін әлеуметтік желіде медициналық мекеменің жұмысын тоқтатпай, ота жасауды жалғастырып жатқаны туралы түрлі пікір тарады. Осыған байланысты заңгер Бауыржан Айымбетов клиниканың қызметін тоқтату сот шешімі мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің қорытындысына сәйкес жүзеге асатынын айтты.

п
Фото: Видеодан алынған скрин

— Аталған комитеттің шешіміне сәйкес медициналық мекеменің қызметі уақытша тоқтатылуы да мүмкін. Егер уәкілетті орган тарапынан тиісті шешім қабылданбаса, клиника өз жұмысын жалғастыра береді. Заңнамаға сәйкес, медициналық ұйымның қызметін тек уәкілетті органның шешімімен немесе сот шешімімен ғана уақытша тоқтату қарастырылған, - деді заңгер.

Бірақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Жоспардан тыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Махаббат Тайыпова Алматы мен Ақтаудағы екі мекемеде де тексеру басталғанын мәлімдеді.

— Қазіргі таңда екі медициналық мекемеде жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп жатыр. Жұмыс бабымен Алматы қаласына келдім. Соңғы екі күнде мекеменің лицензия құжаттары, медициналық жабдықтардың талапқа сәйкестігі және жасалған операциялардың сапасы толық зерделеніп жатыр. Жоспардан тыс тексеріске арнайы тәуелсіз сарапшылар тартылған. Олардың қатарында хирургтер, терапевтер және пластикалық хирургия саласының мамандары бар, - деді Махаббат Тайыпова.

р
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде Алматыдағы жеке клиниканың лицензиясыз жұмыс істеп, заңсыз қызмет көрсеткені туралы да ақпарат тараған. Алайда тексеру барысында мұндай дерек расталмаған.

— Медициналық мекемелерге лицензия беру eGov және «e-License» платформалары арқылы жүзеге асырылады. Алматыда қайғылы жағдай тіркелген клиниканың лицензиясы бар. Бұл ақпаратты ашық дереккөз саналатын «e-License» жүйесінен көруге болады. Тексеру жұмыстары департаменттің қаулысы негізінде, полиция мен прокуратура органдарының келісімі арқылы жүргізіліп жатыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сондықтан тексеру толық аяқталып, материалдар сараланғаннан кейін ғана нақты қорытынды жасалады, - деді ол.

Жалпы елімізде пластикалық хирургия қызметін көрсетуге лицензиясы бар 295 ұйым жұмыс істейді. Олардың қызметі нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Махаббат Тайыпованың айтуынша, адам өліміне әкелген екі жағдайдан кейін пластикалық ота жасайтын өзге де медициналық мекемелерге тексеру жүргізіліп жатыр.

— Қазіргі уақытта республика бойынша 295 клиниканы толық тексеру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстар прокуратура органдарымен бірлесіп жүргізіледі. Құзырлы органдар азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдар бойынша жедел тексерістер жүргізіп, анықталған құқықбұзушылықтарға сәйкес шара қабылдайды, - деді Махаббат Тайыпова.

Елде лицензиялау талаптары күшейтілді

Спикердің айтуынша, елде лицензиялау талаптарына өзгерістер енгізілген. Бұрын медициналық ұйымдарға лицензия бір рет берілсе, енді оны әр бес жыл сайын жаңарту тәртібі қарастырылып жатыр. Ал лицензиялау талаптарының сақталуын ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті қадағалайды.

— Комитеттің әр облыста аумақтық департаменттері бар. Медициналық ұйымдарға лицензияны дәл осы аумақтық департаменттер, яғни мекеменің орналасқан жері бойынша береді. Лицензия – бұл бір-екі парақтан тұратын формалды құжат емес. Ол медициналық ұйымның барлық біліктілік талаптарына сәйкестігін жан-жақты тексеру нәтижесінде беріледі. Тексеру барысында медициналық жабдықтардың жағдайы, материалдық-техникалық база, сондай-ақ мамандардың біліктілігі толық қаралады. Осы талаптарға сәйкес келген жағдайда ғана медициналық ұйымға қызмет көрсетуге рұқсат беріледі, - деді заңгер Бауыржан Айымбетов.

Осы тұста заңгер науқастың құқықтарына да тоқталды. Оның айтуынша, операция алдында қол қойылатын құжат дәрігерді жауапкершіліктен толық босатпайды. Егер медициналық қызмет көрсету талаптары бұзылып, дәрігер қателігі дәлелденсе, заң аясында жауапкершілік қаралады.

- Қоғамда жиі түсініспеушілік тудыратын мәселелердің бірі – науқастың құқықтары. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес, әрбір пациент өзіне жасалатын медициналық ота мен асқынулары туралы толық ақпаратпен танысуы тиіс. Алайда бұл құжат «кез келген жағдайға шағымданбаймын» дегенді білдірмейді. Науқас тек операция барысы мен ықтимал асқынулар туралы ақпаратпен танысқаны жөнінде қол қояды. Егер медициналық қызмет көрсету стандарттары бұзылып, дәрігерлік қателік дәлелденсе, мұндай құжаттар жауапкершіліктен босатпайды және олардың шешуші заңдық күші болмайды, - деді ол.

Пластикалық хирургия: сұраныс артқан ота түрлері мен қауіпсіздік талаптары

Пластикалық хирургия – бүгінде әлем бойынша ең тез дамып келе жатқан медициналық бағыттың бірі. Мамандардың дерегінше, кейінгі жылдары ең көп сұранысқа ие оталар қатарына ринопластика, липосакция, блефаропластика және сүт безін үлкейту немесе түзету операциялары кіреді. Сонымен қатар инъекциялық косметология, ботокс пен филлер процедуралары да кең таралған.

а
Фото: Видеодан алынған скрин

— Әлем елдерінде пластикалық операциялардың түрі әртүрлі сұранысқа ие. Мәселен, Грузияда ринопластика кең таралған болса, Азия мемлекеттерінде блефаропластика жиі жасалады. Ал Бразилияда BBL деп аталатын, яғни адамның өз майын дененің басқа бөлігіне көшіру операциялары танымал. Қазақстанда да ең көп жасалатын пластикалық операциялардың бірі – блефаропластика. Бұл көз үстіндегі артық теріні алып тастау үшін жасалатын ота түрі, - деді пластикалық хирург Асылбек Ахметжанов.

Асылбек Ахметжановтың айтуынша, кез келген пластикалық операция бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен пациент дәрігердің қабылдауына келіп, өз қалауы мен шағымын айтады. Осыдан кейін мамандар операцияның қажет-қажет еместігін, оның денсаулыққа әсерін жан-жақты түсіндіреді екен.

— Барлық анализ нәтижелері мұқият қаралады. Сонымен қатар, анестезиолог дәрігер де пациенттің жағдайын толық бақылап, денсаулығына қауіп төндіретін факторлар анықталса, операция жасауға рұқсат бермейді. Кез келген операцияның өз тәуекелі бар. Кейбір пациенттер бірнеше пластикалық отаны бір мезетте жасатқысы келеді. Алайда мұндай жағдайда біз қауіп жоғарылайтынын ескертіп, барлық операцияны қатар жасауға болмайтынын түсіндіреміз. Сондай-ақ операциядан кейін де науқастың жағдайы тұрақты бақылауда болады, - деді Асылбек Ахметжанов.

Мамандар ең күрделі әрі қауіпті операциялардың бірі ретінде іш аймағындағы майды жамбасқа көшіру отасын атап отыр. Мұндай операцияларда асқыну қаупі жоғары болғандықтан, пациенттің денсаулығы ерекше бақылауға алынады.

Айта кетейік, енді ҚР ПІБ ауруханасында күрделі операциялар үлкен тіліксіз жасалады.