Бір-бірімізді іздеп тұрамыз: Атырау полициясында үш бірдей егіз еңбек етіп жүр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының полициясында жұмыс істейтіндер жігіттердің арасында егіздер бар. Олар үнемі бір-бірін іздеп, көмектесуге дайын тұрады.

егіз
Әмір мен Дамир: Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Мәселен, Атырау қаласында тұратын Әмір мен Дамир Бисенбайұлы көпбалалы отбасында тәрбиеленген.

Анасы Әлия Әдиятқызының айтуынша, егіздер бала кезінен полиция болуды мақсат еткен. 

«Біздің отбасымызда 5 бала бар. Егіз ұлдарым бір-бірін іздеп тұрады. Бұл — олардың басты ерекшелігі», -дейді Әлия Әдиятқызы. 

Әмір мен Дамир орта мектепті бітірген соң әскерге қатарына аттанған. Әскерден оралысымен ішкі істер органына жұмысқа орналасқан.

Қазір облыстық полиция департаментінде айдауыл қызметі взводының арнайы тобында жұмыс істейді. Екеуінің де шені — полиция сержанты. 

Ал Олжас пен Жалғас Сыдиқовтар еңбек жолын Құрманғазы аудандық полиция бөлімінде бастаған. Бір қызығы, екеуі де полиция капитаны шенін бір мезгілде алған. 

егіз
Олжас пен Жалғас. Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

«Ауылдастарымыз бала кезімізде бізді атымызды шатастырып, Олжас, Жалғас деп қатар шақыратын еді. Қазір киген киіміміз бірдей болса, айыра алмайтындар бар. Кейде әріптестеріміз де шатастырады. Полиция бөліміне шағым айта келген тұрғындар арасында да екеумізді айыра алмайтындар кездесті», -дейді егіз жігіттер. 

Олжас пен Жалғас мектепті 2014 жылы бітірген. Сол жылы Ішкі істер министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түскен.

Академияны үздік бітіріп, Құрманғазы аудандық полиция бөліміне жұмысқа орналасқан. 

«Отбасында ағаның қамқорлығын көрдік. Қарындасқа аға болдық. Өйткені, біз — отбасындағы ортаншы баламыз», -дейді Олжас Сыдиқов. 

Қазір ол облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі болып жұмыс істеп жүр.

Ал, Жалғас — Құрманғазы аудандық полиция бөлімі экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының аға жедел уәкілі.

Екеуі де үйленген, Олжастың екі, Жалғастың бір қызы бар. 

«Қазір жұмыс бабымен мен Атырау қаласында, сыңарым Жалғас Құрманғазы ауданында тұрады. Бірақ, біз бір-бірімізді күн сайын іздеп, сөйлесіп тұрамыз. Бір-бірімізге көмек беруге дайынбыз. Өйткені, біз — егізбіз», -дейді Олжас Сыдиқов. 

Тағы бір егіз жұп Исатай ауданында тұрады. Олар — Дулат пен Дамир Нұрмұханбетовтер.

егіз
Дулат пен Думан. Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Дулат — Исатай аудандық полиция бөлімінде криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, ал, Думан тергеу бөлімшесінің тергеушісі қызметін атқарып жүр. 

«Полиция қызметкері болу — ең жауапты мамандық. Себебі, тәртіп сақшысы үнемі қоғам мүддесі, тәртіп пен тыныштық үшін қызмет атқарады. Халық күн сайын қауіпсіздігі мен тыныштығына сенімді болуы керек. Елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі жауапты саланы таңдағанымызға өкінбейміз. Бір салада жұмыс істеудің артықшылығы бар. Біз бір-бірімізді іздеп, көмектесуге дайын тұрамыз», -дейді Дулат пен Думан.