Бір елдер неге бай, басқалары неге кедей: Джеймс Робинсон эксклюзивті сұхбат берді

АСТАНА. KAZINFORM – Нобель сыйлығының 2024 жылғы лауреаты, саясаттанушы, экономист Джеймс Робинсон Kazinform-ға берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстанның іргесінде болып жатқан өзгерістерге тоқталды. Айта кету керек, ғалым Нобель сыйлығын Дарон Аджемоғлы және Саймон Джонсон атты әріптестерімен 12 жыл бірлесіп жазған «Бір елдер неге бай, басқалары неге кедей?» атты еңбегі үшін иеленген. Сұхбат барысында экономист аталған еңбектің 12 жылдан кейін қайта көпшілік назарына ілігіп, Нобель сыйлығын иемденуін әлемдегі теңсіздік проблемасының ушыға түсуімен байланыстырды.

James A. Robinson
Фото: Джейсон Смит/Чикаго университеті

- Орталық Азия мен Қазақстан сіздің келешектегі зерттеу нысаныңызға айналуы мүмкін бе? 

- Иә, бұл қызық болар еді. Былтыр мен Қырғызстан мен Өзбекстанға барып, кітабымның аудармасын таныстырып қайттым. Өзбекстанда жақсы экономист досым бар. Сондықтан сіз айтқан мәселені ойластырып жүрмін. Бірақ менің зерттеуім өзім айналысатын мәселелерге байланысты. Ол мәселелер мені кез келген елге жетелеп апаруы мүмкін. Мысалы, бұған дейін латын Америкасында, Африкада көп жұмыс істедім. Қазір Африка туралы еңбек жазып жүрмін. Сондықтан Орталық Азияны зерттеу мәселесін қарастыруға болады. Бірақ ол үшін дұрыс сұрақтар құрастыра алуым керек. Менің тәсілім сондай.

- Сіздің Нобель сыйлығын алған еңбегіңізде Ауғанстанның орталықтандырылған билік жоқ кезіндегі кезеңі көрініс тапқан. Тәліптердің қайта оралуымен орталықтандырылған билік орнады деп есептейсіз бе? Бұл Ауғанстан экономикасының дамуына қалай әсер етуі мүмкін?

- Бұл мәселе маған қызық. Өйткені, Талибанның қолындағы билікте АҚШ қолдауына сүйенген биліктердің ешбірінде болмаған ықпал бар. Бұған дейінгі Ауғанстан президенттері елге айтарлықтай деңгейде билік жүргізе алмағанын көргенмін. Ал Талибанның қолындағы ықпал әлдеқайда терең және бақылау орнатудың әлеуметтік тетіктері баршылық.

Ауғанстандықтардың басым бөлігі Талибанды заңды билік деп мойындай ма? Бұл - айтарлықтай күрделі мәселе. Батыс көзқарасында бұл толықтай легитимсіз билік болып есептелуі мүмкін. Бірақ мен үстірт аңғарған пайымдардың өзі бұл ұстанымды толық растамайды. Талибан негізінен пуштундардың мүддесімен санасады. Ал Ауғанстан – сан түрлі мәдениеттен құралған ел. Солтүстігінде өзбектер көбірек деген сияқты. Бұдан «Талибан бүкіл ауған халқының үкіметі ме?» деген сұрақ туындайды. Бірақ Исламға берілген басымдық көпшілікті ырықтандырып отыр.

Мен АҚШ Ауғанстанда тиімді әрі легитимді билік орната алған жоқ деп есептеймін. Ауған халқы өз тарихын жаңа парақтан бастап кете алған жоқ. Басқаша айтсақ, бұрынғы құндылықтарына қайта оралып жатыр. Қазір Талибанның халықаралық деңгейде шеттетіліп қалмауына, басқа елдермен өзара ықпалдастықтар орнатуына жұмыс істеу маңызды.

Мен Қытай үкіметінің Ауғанстандағы үкіметке қарағанда легитимді саналуына ешқандай себеп көріп тұрған жоқпын. Сөз жоқ, тәліптердің әйелдерге байланысты ұстанымы сияқты мәселелерде біз келіспейтін тұстар көп. Бірақ осыны алға тартып, Талибанды қаралай беру де орынсыз. Өйткені, әлемде Батыстың өзге де құндылықтарына қайшы түрлі ұстанымды қолдап отырған елдер баршылық.

Джеймс Робинсон
Фото: видеодан жасалған скрин

- Қытай экономикасының даму қарқыны әлі де болса дамыған елдердің көрсеткішінен жоғары тұр деп айта аламыз ба? 

- Қытайдың даму қарқыны сөзсіз бәсеңдей береді деп есептеймін. Жыл сайын 10 пайыздық өсімді мәңгі сақтап тұру мүмкін емес. Экономикалық өсім өздігінен, табиғи жолмен баяулайды. Өйткені, өсімнің бастапқы кезеңінде шешуге тиіс мәселелер тым қарапайым болады. Экономика дамып, күрделенген сайын шешуге тиіс мәселелер одан бетер күрделенеді, инновацияларды қажет етеді. Мұның бәрі экономиканың дамуын баяулатады.

Соның өзінде Қытай экономикалық тұрғыда өзге дамушы елдердің бәрінен қарқынды дамып келе жатқан экономиканың бірі болып қалып отыр. Қытайдың ықпалы түрлі бағытта кеңейіп келеді.

New York Times-тан қызық бір мақала оқыдым. Италияның кофеханаларын қытайлықтар сатып алып, басқарып отырған көрінеді. Қытайдың ықпалы сан қырлы салада артып келе жатыр деп отырғаным осы.

Алайда, біз «Бір елдер неге бай, басқалары неге кедей?» атты кітабымызда айтқанымыздай бұл өсім үздіксіз жалғаса алмайды. Тарихта саяси тоталитарлық жүйеге бағынатын елдің инклюзивті әрі инновациялық тұрғыда дамығанына мысал жоқ. Коммунистік жүйенің түпкілікті ұстанымы халықты қатаң бақылау арқылы билікті ұстап тұруға негізделген. Бұл ұстаным түптің түбінде орнықты экономикалық өсімге қайшы келуі мүмкін. Қытаймен байланысты болжамдарым осындай.

Бір елдер неге бай, басқалары неге кедей: Джеймс Робинсон эксклюзивті сұхбат берді
Фото: Wikipedia

Сұхбаттың толық мәтінін мына жерден оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар