Бір ғана сәтті жоба университет ғалымдарының айлығын 5 есе көбейтіп берген

Jibek Joly арнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Қазақмыс» пен Қ.Сәтпаев университетінің сәтті жобасы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Kazinform.

ғалым
Фото: Kazinform

«Қазақмыс Балқаш зауытында 2001 жылдан бері селен деген металды байыту бағытында зерттеу жүргізіп келеді. Менің қолымдағы кесектің 26 пайызы — осы селен металы. Бұл металл электроникада, медицинада, зымырандардың ішіндегі жартылай өткізгіштерге қолданылады. Қысқасы, сұраныс бар. Қолымдағы кесектің 26 пайызы селен дедім ғой, қалғаны телур дейтін ауыр металл. Сондықтан кесек ауыр боп тұр. Біз осы қоспаны бір жыл бойы байытып, селеннің үлесін 99,5 пайыз етіп тазарттық. Мына кесекті алсаңыз, жеп-жеңіл. Өйткені 99,5 пайыз тазалығы бар селен. Ғылым қоры берген 280 млн теңге коммерцияландыру грантының арқасында бір-ақ жылдың ішінде 99,5 пайыз байыта алдық», — деді ведомство басшысы. 

Айтуынша, бұл жоба жергілікті Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті ғалымдарының айлығын 5 есе арттыруға мүмкіндік берген.

«Мұндай металл, технология әлемде бар. Бірақ бұл — толыққанды өзіміздің байыту технологиямыз. Осының арқасында қазір Сәтпаев университеті  ғалымдарының жалақысы 5 есе өсті. Себебі жаңа технологияның арқасында 1 тонна селеннен бұрынғыға қарағанда 70 пайыз көбірек ақша алады. Осы Қ.Сәтпаев атындағы университеттегі кафедра меңгерушілерінің жалақысы бұрын 1 млн теңге болса, қазір бірлесіп жасаған жобаның арқасында одан 5-7 есе көп айлық алады», — деді министр.