2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Бір күндік жалақыны аудару туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ — әкімдік

АСТАНА. KAZINFORM — Қарпайым  азаматтар мен бизнес өкілдері сондай -ақ түрлі ұйымдардан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына материалдық қолдау көрсету жалғасып жатыр. Маңғыстау облыстық әкімдігі қаражат аудару туралы ешқандай тапсырма берілмегенін, халық ерікті түрде көмек қолын созып жатқанын хабарлады.

әскер
Фото: Kazinform\ЖИ

Әкімдік қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық қолдау көрсеткісі келетін азаматтар, бизнес өкілдері мен ұйымдар үшін бірыңғай қор жұмыс істеп тұрғанын мәлім етті.

— Бұл ретте қаражат аудару тек ерікті түрде жүзеге асырылады. Облыс әкімдігі тарапынан азаматтарға, кәсіпкерлерге, ұйымдарға немесе олардың қызметкерлеріне қаражат аудару туралы ешқандай тапсырма, талап немесе нұсқау берілген жоқ және берілмейді. Сондай-ақ қызметкерлердің бір күндік жалақысын аударуы туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Жалақыны көмек ретінде аудару міндетті емес және әр қызметкердің жеке шешімі бойынша ғана жүзеге асырылады, — делінген хабарламада.

Қолдау көрсеткісі келетін азаматтар қордың ресми реквизиттері арқылы қаражатты ерікті түрде аудара алады немесе қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына тікелей материалдық көмек көрсете алады.

— Көмек көрсету немесе көрсетпеу — әр адамның жеке шешімі. Қаражат аударуға ешкімді мәжбүрлеуге болмайды, — деп жазды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскерилердің отбасыларына 815 млн теңге бөлген еді.

Бүгін «Әділет» партиясы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 1,5 млрд теңге аударатынын мәлімдеді.