Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бір минутта ауладан шығуымыз керек: Ақтөбелік құтқарушының бір күні

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Мамандық оны салқынқанды болуға үйретті. Сезімге емес, ақылға сүйенеді. Төзімді, табанды. Жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Ерболат Амантаев Kazinform тілшісіне шұғыл шақырту мен оқыс оқиғалар арасындағы жұмыс жайын айтып берді. 

«Бір минутта ауладан шығуымыз керек»: Ақтөбелік құтқарушының бір күні
Фото: Ербол Амантаевтың жеке архивінен

— Құтқарушы қызметіне қалай келдіңіз?

— Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы мектептен 9-сыныпты бітіріп, 2014 жылы колледжге оқуға түстім. Мұнда слесарь-электрик мамандығы бойынша диплом алдым. Сол кезде танысым төтенше жағдайлар қызметіндегі құтқарушылардың жұмысы жайлы айтты. Бірден түйіндемемді тапсырдым. Бірақ мені үш жылдан кейін ғана жұмысқа шақырды. Шақырту алғанда іріктеу өтті. Физикалық дайындығымызды дәлелдеп, суда жүзу қабілетімізді көрсеттік. Үшінші сынақ — психологиялық сынақ. Бәрінен сүрінбей өткен соң жұмысқа қабылдады. Бұл 2020 жыл еді.

«Бір минутта ауладан шығуымыз керек»: Ақтөбелік құтқарушының бір күні
Фото: Kazinform

— Түйіндемені тастап, үміт артып кеттіңіз, бірақ сізді үш жылдан соң ғана шақырған екен. Қоңырау шалғанда не сезіндіңіз?

— Қуандым. Отбасын құрған сәтте маған да тұрақты жұмыс қажет болды. Алғашында ішкі тәртіпке, темірдей ережеге үйрену қиынға соқты. Біз таңғы сағат 08:00–де келеміз. Бір сағатта кезекшілікті қабылдап аламыз. Алдыңғы топ альпинист, сүңгуірдің киімдерін, жабдықтарды, техниканы тапсырады. Әрі қарай бір күндік жұмыс бекітіледі. Арасында шақыртуларға барамыз. Кейде бір, ал кейде 7-8 қоңырауға түседі. Өрт кезінде есік ашу, құтқару жұмыстарын жүргіземіз, жол апатында адамдарды көліктен шығарамыз, суға батып кетсе денесін алып шығамыз. Кейде өз-өзіне қол жұмсаған адам туралы хабарлама түседі. Мұндайда есік ашу біздің міндетімізге жүктеледі. Құтқарушы бір емес, бірнеше бағытта жұмыс істейді. Бұл саланы таңдаған адам әмбебап болуы тиіс. Мен сүңгуір де, альпинист те, құтқарушы да боламын. Арада 6 жыл өтті. Үйреніп, мамандықты меңгеріп алдым.

— Ең бірінші кімді құтқардыңыз?

— Ең бірінші жұмыс күні үй өртеніп, ішіндегі денені алып шықтық. Үйдің шатыры опырылып ортасына түскен кезде мүгедектігі бар адам шыға алмай, жанып кеткен. Өрт пен жол-көлік апаты туралы хабарламаларға жиі барамыз. Былтыр Самара-Шымкент тасжолында ірі жол-көлік апаты болып, 12 адам көз жұмды. Шақыртуға барып, қаза тапқан адамдардың денесін жинау жұмысына қатысқан едік. Біздің міндетіміз — оқиға орнына жедел жету. Адам өміріне қауіп төнсе алдымен құтқарушылар барады. Адам адасып кетсе немесе үйінен шығып, із-түзсіз жоғалса, суға кетіп, денесі табылмаса, суицид жағдайы болса… Ауысымға түскен кезде жаттығу алаңында шеберлікті шыңдаймыз. Альпинистер екі адам болып жүреді. Бірі төмен сырғыса, екіншісі оның қауіпсіздігіне жауапты. Сонымен бірге жыл сайын «Қазқұтқару» оқу-жаттығуы өтеді. Халықаралық жаттығу бір айға созылады. Тауға өрмелеп, өзен түбін шоламыз, зілзалада үйінді астынан адам денесін шығарамыз. Жаттығу кезінде шыңдалған құтқарушы нақты жағдаймен бетпе-бет келгенде абдырап қалмайды. Мұндай жаттығу жас маманның біліктілігін арттыруға көмектеседі.

«Бір минутта ауладан шығуымыз керек»: Ақтөбелік құтқарушының бір күні
Фото: Ербол Амантаевтың жеке архивінен

— Мұның бәрін еңсеру үшін спорттың қай түрімен шұғылданасыз?

— Мен футбол, волейбол ойнаймын. Жедел-құтқару жасағының негізгі құрамасындамын. Командалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрміз.

— Құтқарушы қызметіне оралсақ… Қай кезде альпинист көмегі қажет болады?

— Суицид жағдайында. Егер адам 5 қабатта болса, біз 6 қабаттағы пәтерге барып, балкон арқылы ішке енеміз. Кейде шатырына шығамыз. Бұл тәуекел, бірақ біздің жұмысымыз. Шешімді біз емес, ауысым жетекшісі қабылдайды. Бас-көзге қарамай «өзім білем» деп айта алмаймыз. Тек альпинист емес, сүңгуірлер де алдын ала дайындалып, содан кейін ғана су астына сүңгиді. Бәрі тәжірибемен келетін жұмыс. Әрине кейбір кезде нартәуекел етеміз. Мұндайда балаларды құтқаруға жанымызды саламыз. Олар жеделсаты ішінде қалып қояды, пәтерден өрт шыққанда есікті аша алмайды.

«Бір минутта ауладан шығуымыз керек»: Ақтөбелік құтқарушының бір күні
Фото: Ербол Амантаевтың жеке архивінен

— Ақтөбелік құтқарушылар үшін ең қиын әрі қауіпті өзен қайсысы?

— Ақтөбеде — Елек өзені. Табаны лай, балшығы тізеден жоғары. Содан кейін Ақтөбе су қоймасы. Онда бір жері тайыз, бір жері терең. Тас та кездеседі. Ең тазасы — Қарғалы өзені. Себебі өзен ағысы жақсы. Өзендегі іздеу жұмысы биыл көктемде жүргізілді. Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында бала суға батып кетіп, денесі 20 күн бойы табылмады. Ағыс қатты әрі лайдан судың табаны көрінбеді. Көктемде су қоймаларынан су ағызылып, іздеу қиындағанымен өрт сөндірушілер әр 100 метр сайын кезекшілік ұйымдастырып, күні-түні сол жерден табылды. Ал құтқарушылар өзен ішінде тізбектеліп тұрып, әр қадамды мұқият тексерді. Баланың денесі су деңгейі түскеннен кейін ғана табылды. Суда ғана емес құрлықта да іздеу жүргіземіз. Мұндайда полиция белгілеген аумақты шолып шығамыз.

«Бір минутта ауладан шығуымыз керек»: Ақтөбелік құтқарушының бір күні
Фото: Ербол Амантаевтың жеке архивінен

— Оқиға орнына неше минутта жетесіз?

— Шақырту түскеннен кейін бір минутта ауладан шығып кетуіміз керек. Ал қала ішінде жол ережесін бұзбай жетеміз. Сүңгуірлерді көбіне суға кеткен адамның денесін іздеу және судан шығару үшін шақырады. Кейін денені полицияға тапсырамыз.

— Балаларды құтқарудағы қиындық…

— Жаз әрі демалыс уақытында балалар өзен жағасында жүреді. Ата-анасы жұмыста, балалар суға шомылып жүр. Олар еш қымсынбастан «ата-анам біледі, рұқсат берді» деп өтірік айта салады. Мекенжайын жасырады, мектебін де айтпайды. Жедел-құтқару жасағындағы жедел топ күн сайын сағат 14:00–20:00-ге дейін рейдке шығады. Әсіресе тыйым салынған аймақтарды назарға алады. Сонымен бірге екі бала үйдегі балконға шығып, сіріңке тауып алып, тұтатады. Өрт шыққан кезде екі баланы аман алып шықтық. Кейде кішкентайлар баспалдақтағы темір тіреуге басын тығып, шығара алмай шырылдайды. Мұнда кезде де барып, арнайы құралмен қоршау арасын кеңейтіп, құтқарамыз. Жазда субұрқақ айналасында ойнап жүріп те темір арасына аяғы қысылып қалады. Ағашқа, электр бағанасына өрмелеп кеткен мысықты да құтқарамыз.

«Бір минутта ауладан шығуымыз керек»: Ақтөбелік құтқарушының бір күні
Фото: Ербол Амантаевтың жеке архивінен

— Құтқарушылар небір жағдайды бастан өткереді. Жалпы құтқарушыларды да құтқаруға тура келетін жағдай бола ма? Сіздерге психологиялық көмек көрсетіле ме?

— Психолог мамандар бар. Олар сөйлесіп, жағдайымызды біліп отырады. Әрине, оқиға орнына бірінші жетіп, денені алып шығу оңай шаруа емес. Бірақ бұл — мамандық. Арада жылдар өткенде құтқарушы өз мамандығымен біте қайнасып, сіңіп кетеді. Бәрін ақылға салып ойлап, салқындылық танытады. Мәселен жол-көлік апатында үш адам көз жұмып, бір адам аман қалса алдымен соны құтқарамыз, алғашқы көмек көрсетеміз. Егер оқиға орнында медицина қызметкерлері болса, бірден сол мамандарға тапсырамыз. Ірі жол апаты көбіне Самара-Шымкент тасжолында, Ақтөбе-Атырау тасжолының қалаға кіреберіс бағаты мен Ақтөбе-Мәртөк арасында болады.

— Құтқару жұмыстарындағы жаңашылдық…

— Есікті 1-2 минутта ашамыз. Құралдардың өзінде қуаттағышы бар, көп күш жұмсамаймыз. Дрон ұшырып, адамның жүрген жерін тез анықтаймыз. Жасанды интеллект арқылы ненің қайда тұрғанын көруге мүмкіндік бар. Жолда адасқанда да өте ыңғайлы. Сонымен бірге көлік жаңарды. Бұл оқиға орнына жедел жетуге көмектеседі. Әрі жоғары технологиямен жабдықталған.

«Бір минутта ауладан шығуымыз керек»: Ақтөбелік құтқарушының бір күні
Фото: Ербол Амантаевтың жеке архивінен

— Құтқарушы адам таңдайтын мамандық десек бола ма?

— Жылдам шешім қабылдайтын, өз-өзіне сенімді, психологиялық тұрғыда ұстамды адам құтқарушы бола алады. Төзімді адам ғана талайды еңсереді. Келіп, жұмыс істеп, шыдамай кеткені де болды. Физикалық тұрғыда мықты жігіттер кейде адам денесін көргенде абдырап қалады. Есікті ашып қалғанда асылып тұрған адамды көрсе, су астынан іздеп жүргенде кенет жансыз денені кезіктірсе, жол-көлік апатында бөлшектелген денесі жинаса шок жағдайда болады. Мұның бәрінен өткенде адам салқынқанды болады екен. Өзіме білінбейді, бірақ отбасым байқаған. Құтқарушылар тек қызметте емес, қарапайым өмірде көмек көрсетуге әзір тұрады. Кез келген оқыс оқиғаны байқап, өртте де, жол апатында да шұғыл шешім қабылдайды. Дауылдан кейін қалпына келтіру жұмыстарына да барады құтқарушылар. Таяуда Ақтөбе қаласында, Байғанин ауданында қатты нөсер жауып, дауыл тұрғанда мұнара, ағаш құрады. Бәрінде де құтқарушылар жұмылдырылды. Құтқарушыларды тек облыс ішінде емес, өзге өңірге, қажет болса басқа елге көмек көрсетуге дайындайды.

«Бір минутта ауладан шығуымыз керек»: Ақтөбелік құтқарушының бір күні
Фото: Ербол Амантаевтың жеке архивінен

— Адам өзін-өзі қалай құтқарады?

— Кез келген жағдайда сабыр сақтау керек. Сасқалақтаған адам қателік жіберіп алады. Қорыққан кезде суда жүзе білетін адамға қайық та көмектеспейді. Мүмкіндік болса тәуекел етпей, өз ісінің мамандарын күткен дұрыс. Суда да, құрлықта да…

«Бір минутта ауладан шығуымыз керек»: Ақтөбелік құтқарушының бір күні
Фото: Ербол Амантаевтың жеке архивінен