Бір отбасын өрттен құтқарған түркістандық полицейлер медальмен марапатталды

Жаңа жыл қарсаңында түркістандық қос полицей «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Kazinform. 

полицейлер
Фото: Түркістан облысы ПД

Оқиға қазан айында болды. Түркістан қаласының көшелерін патрульдеп жүрген полиция инспекторлары Бағлан Жүнісов пен Асан Аманәлі жеке тұрғын үйден өрт шығып жатқанын байқаған. Бірден өрт сөндірушілерді шақырған тәртіп сақшылары өздері де көмекке ұмтылған. Үйдің сыртқы есіктері құлыптаулы болғандықтан, аулаға асып түскен. Содан үйге кіріп, көк түтінге тұншығып жатқан анасы мен екі баланы қауіпсіз жерге алып шықты.

Артынша оқиға орнына келген өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтады. Ал, жедел жәрдем қызметкерлері өрттен зардап шеккен әйел мен оның ұл-қызына алғашқы көмек көрсетті.

Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында полиция аға лейтенанттары Бағлан Жүнісов пен Асан Аманәлі Төтенше жағдайлар министрлігі тағайындаған «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды. 

«Ерекше ерлік істерімен көпшілікке үлгі болып, өз саласында айрықша жетістікке жетіп келе жатқан әріптестеріміздің еңбегін қоғамға, әсіресе жастарға дәріптеу – біздің міндетіміз. Қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында еңбек етіп жүрген жеке құрамға алғысымды білдіремін», - деген Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов тәртіп сақшыларының кеуделеріне медаль тағып, алғыс хатпен марапаттады.