Бір отбасынан Жайыққа батқан екі бала: қыздың мүрдесі екі күннен кейін табылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда бір отбасының екі баласы Жайыққа өзеніне батып кеткен еді. Құтқарушылар қыздың мүрдесін екі күннен соң тапты.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, кеше, 3 тамызда сағат 18:53-те 9 жасар қыздың мүрдесі Жайық өзенінен табылған.
Оқиға 1 тамызда Атырау қаласына таяу орналасқан Құрманғазы ауылында болған. Бір отбасы екі баласы күндізгі 14:40 шамасында Жайық өзеніне суға түскен. Өкінішке қарай екеуі де судан кері шықпай, батып кеткен.
«Сол күні – 1 тамызда сағат 14:53-те екі баланың суға батқаны туралы хабар түсті. Құтқарушылар оқиға орнына барып, жедел іздестіруге кірісті. Түсқайта сағат 16:20-да 2017 жылғы ұлдың мүрдесі Жайық өзенінен табылып, жағалауға шығарылды», - деп хабарлаған еді департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жайық өзеніне батқан қызды іздеу 1-3 тамыз аралығында үздіксіз жүргізілген. Осы күндері сүігуірлер Жайық өзенінің тереңіне 20 мәрте түсіп, 12-15 метр тереңге бойлаған. Су астындағы іздестіру аумағы 6 мың шаршы метрден асқан.
«Өзенде әлі қатты ағыс бар. Су астында іздестіру жұмысына кедергі болатын бөгде заттар да көп. Мұның су астындағы көру мүмкіндігін төмендетіп, іздестіру жұмысына қиындық туғызды. Осындай себептерден суға батқан адамды табу мерзімі кешеуілдейді. Ең маңызды – қауіпсіздік ережесін сақтау, әсіресе, балалардың су айдындарына шомылуына жол бермеу», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бір отбасының екі баласы Жайыққа батып кеткенін хабарлаған едік.
Кейін Атырау облысында тағы бір жасөспірім суға батып кетті.