Бір отбасының өлімі: екі мүрде табылған үйдің иесіне жалдау ақысы бейтаныс адамнан түсіп отырған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Қызылқоға ауданында ата-енесін, ал Атырау қаласында әйелінің бауырларын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста бірнеше куә жауап берді.

цу
Фото: Нұрбибі Теміртаова/Kazinform

Сот отырысында күдіктіге Мұнайшы ықшамауданындағы үйін жалға берген азамат куәлік етті. Оның айтуынша, отбасы аталған баспананы 2023 жылдан бері жалдап тұрған.

Куәгердің сөзінше, ай сайынғы 50 мың теңге көлеміндегі жалдау ақысы белгісіз азаматтан Kaspi Gold арқылы түсіп отырған. Алайда белгілі бір кезеңдерде отбасы үйді жалдамай қалған.

Сотта куә болған үй иесі өткен жылдың 7 желтоқсанында үй иесі Сұлтан Сарсемалиевпен хабарласқан. Сол кезде күдікті әйелін емдетіп жүргенін айтып, енді үйді жалдамайтынын жеткізген.

Істі қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина куәгердің тергеу барысында берген түсініктемесін оқып берді.

– Мен үйге қажет болған кезде ғана барып жүрдім. Әйелін бір-ақ рет көрдім, оның өзінде сыртынан ғана байқадым. Балаларын мүлде көрген емеспін. Әйелі орамалда еді. Шамамен 27 желтоқсанда үйге барып, есік алдындағы тастың астында тұрған кілттерді алдым. Үйдің ішін қарағанда ешқандай шашылған заттар немесе дақтар байқалмады. Үйді тазалап кеткенін көрдім, – делінген куәгердің жауабында.

Сондай-ақ үй иесі сотта мәйітті орауға пайдаланылған кілемнің өзіне тиесілі емес екенін айтты. Оның сөзінше, ауладағы душтың ішінде екі күрек пен бір айыр тұрған.

Бұдан бөлек, сотта Сұлтан Сарсемалиевтің жездесі де жауап берді. Ол балдызының тұйық мінезді болғанын және отбасын ойлап жүретінін айтты. Алайда куәгер олардың арасындағы қарым-қатынас жақсы болғанымен, Сәрсемалиевпен ажырасудың нақты себебі және отбасындағы түйткілдер туралы сөйлеспеген.

Жалпы сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің 2 адвокаты болған. Қазір Сұлтан Сәрсемалиевті біреуі қорғап жатыр. Адвокат Асан Жұмабаев сотталушыны қазір кінәлі деп айтуға ерте дейді.

- Адвокат әлеуметтік көмек ретінде, қоғамдық , қайырымдылық негізде тегін көмек көрсете алады. Мен қазір ақысыз қызмет көрсетіп отырмын. Бұл бойынша туысқандарымен жасалған келісімшарт бар, - деп пікір білдірді күдіктінің қорғаушысы.

Бүгінгі сот отырысына қалған екі куә қатыспады. Оларды келесі процеске қатыстыру міндеті полиция департаменті мен прокуратура өкілдеріне жүктелді. 24 куәнің басым бөлігі сот залына келіп білгенін айтса, кейбірі онлайн қосылды.

Айта кетейік, келесі сот отырысы 4 маусымға белгіленді.

Күдікті 2024 жылы кәсіпкерлік нысандардың бірінде жалдамалы жұмысшы болып, жер қазып, қоқыс шығарған. Сұлтан мен жұмыс берген кәсіпкер бір ықшамауданда тұрған. Ара-тұра бір-бірін көргеннен кейін аға-іні болып араласқан. Куә сол кезде Сұлтан Сәрсемалиевтің қара жұмысқа икемді, қолы машықтанған, жерді жалғыз өзі қазатын қайратты екенін айтқан.

Бұған дейін негізгі сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.

Қылмыстық іске Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина төрелік етуде.

18 мамыр күні алдын ала сот отырысы өтті.

Сол кезде Сұлтан Сәрсемалиев істі алқа билерге беруден бас тартты.

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты. Тергеу барысында Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған.

Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал. Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды

Бұған дейін марқұмдардың қызы мен бауыры болып есептелетін Ақбаян Мұқанғалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.

Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары белгілі болды.

9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.

Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.

Ақпан айының басында күдіктің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.

Ақпан айының соңында күдікті мен марқұмдардың жақыны болып есептелетін Ақбаян Мұқанғалиева Индонезияда ұсталды.

Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.

Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді

Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген

Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сәрсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады.

Ол сот санкциясымен 2 айға қамауға алынған еді.

Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды.