Бір палаталы Құрылтай заң қабылдау мерзімін қысқартады — Максим Рожин

АСТАНА. KAZINFORM — Бір палаталы Құрылтайдың құрылуы заң қабылдау мерзімін қысқартып, уақыт пен қаржы шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы журналист Максим Рожин Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

а
Фото: Видеодан скрин

Оның айтуынша, Парламент соңғы бірнеше айда Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесіне қатысты конституциялық заң қабылдаған.

— Бұл заңның ішінде қазіргі Парламенттің жұмыс тәжірибесінің басым бөлігі сақталған. Бірақ ең маңыздысы — Құрылтайдың қандай қағидаттармен жұмыс істейтіні және депутаттардың заңдарды қандай қағидаттар бойынша қабылдайтыны көрсетілген, — деді Максим Рожин.

Оның сөзінше, жаңа заңдағы маңызды мәселелердің бірі — Құрылтай қарайтын заңдардың бір бөлігінің Халық кеңесінің ұсыныстары негізінде қаралуы.

— Алдағы уақытта Құрылтай қарайтын заңдардың бір бөлігі Халық кеңесінің ұсыныстары негізінде болуы мүмкін, яғни Халық кеңесінің қосымша мүмкіндігі тек ақылдасып, ұсыныс берумен ғана шектелмейді. Құрылтай Халық кеңесі ұсынған мәселелерді заң жүзінде қарауға мүмкіндік алады, — деді ол.

Максим Рожиннің айтуынша, бір палаталы Құрылтай уақыт пен қаржы шығынын едәуір азайтады.

— Екі палаталы Парламентпен салыстырғанда бір палаталы парламенттің уақыт шығыны да, қаржы шығыны да өзгеше болады. Мысалы, әскери-патриоттық тәрбие туралы заң Мәжілісте ғана екі жарым жыл қаралды. Әр бабы талқыланып, әр депутат өз ұсынысын енгізді. Кейін дәл сондай жұмыс Сенатта қайта жүргізілді. Мәжілістегі жеті комитеттің қорытындысынан кейін дәл сондай жеті қорытынды Сенатта қайта қаралады. Мұның бәрі уақыт пен қаржыны талап етеді, — деді ол.

Рожин Құрылтайдың бір палаталы болып құрылуы және конституциялық заңда белгіленген қағидаттар бойынша жұмыс істеуі халыққа реформаларды жылдамырақ жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.

— Осы шығынның бәрі Құрылтайда екі есе азаяды. Соның нәтижесінде заңдар тез қабылданып, уақыт пен қаржы шығыны азаяды. Құрылтайдың бір палаталы болып құрылуы және конституциялық заңда белгіленген қағидаттар бойынша жұмыс істеуі халыққа реформаларды жылдамырақ жеткізуге мүмкіндік береді. Қабылданатын заңдар жылдам әрі сапалы қабылданады және оған екі есе аз шығын жұмсалады, — деді Максим Рожин.

Айта кетейік, бұған дейін жаңа Конституция жобасында Халық кеңесіне заңнамалық бастама көтеру және республикалық референдум өткізуді ұсыну құқығы берілетіні туралы жазғанбыз.