Бір палаталы парламент құру жаңа саяси мәдениеттің негізін қалайды – Әлихан Бәйменов
АСТАНА. KAZINFORM – Енді Қазақстанда жаңа саяси мәдениет қалыптасуы керек. «Президент Жолдауы: Қазақстан дамуының алдағы бағыттары» тақырыбында өткен отырыста Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов осындай пікір білдірді.
Ол парламенттегі спикерлер мен Жоғарғы сот төрағасына қатысты қалыптасқан стереотиптен арылу қажет екенін айтты.
– Бізде 1995 жылдан бастап депутаттар мен соттар спикерлер мен сот төрағаларының қарамағындағы адам деген түсінік қалыптасты. Ал шынында, спикер депутаттардың басшысы емес. Спикер – отырысты, жұмысты реттеуші адам. Жоғарғы сот төрағасы да соттардың басшысы емес. Соттар тек заңға бағынуы керек. Міне, осы мәдениетті жаңаша қалыптастыру қажет, – дейді Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы.
Әлихан Бәйменов Президенттің 1 жылдан кейін бір палаталы парламент құру туралы ұсынысы осы саяси мәдениеттің негізін қалыптастыруға жәрдем ететінін айтты.
– Президент жолдауында 1 жылдан кейін ғана өзгеріс болатынын айтуы жаңа мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Елімізде тұңғыш рет осындай күрделі өзгеріс алдын ала жарияланып жатыр. Әдетте дамыған елдерде билік өкілдері «мен бұл лауазымнан кетемін» деп жарты жыл бұрын айтып қояды. Бізде мұндай ешқашан болған емес. Ал енді 1 жылдан кейін тұтас институт тарауы мүмкін. Осы тұста жаңа саяси мәдениеттің де негіздері қалану керек, – деді ол.
Айта кетейік, күні кеше Президент бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді.