«Бір сыныпта 37-ден астам бала»: Астанада 20 мыңнан астам оқушы орны жетіспейді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада халық саны өскен сайын мектепке баратын балалар да көбейіп жатыр. Соның салдарынан кей білім ордаларында оқушы саны мектептің жобалық қуатынан асып кеткен. Kazinform тілшісі елорда мектептеріндегі жағдайды білу үшін Астана қаласының Білім басқармасына ресми сауал жолдады.
Басқарма мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында елордада 209 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның 125-і — мемлекеттік, 77-сі — жекеменшік, 7-еуі — республикалық мектеп.
— Қазір қала мектептерінде 333 742 бала білім алып жүр. Оның басым бөлігі — 282 891 оқушы мемлекеттік мектептерде оқиды. Жекеменшік білім беру ұйымдарында — 44 252, республикалық мектептерде 6 599 бала бар, — делінген басқарма хабарламасында.
Оқушы көбейген сайын мектептегі орын мәселесі де күрделене түскен. Білім басқармасының дерегінше, бүгінде Астанадағы 24 мектепте орын жетіспейді. Қала бойынша 20 863 оқушыға орын қажет.
— Әсіресе, № 84 және № 85 мектеп-лицейлеріне түсетін салмақ жоғары. Екі мектеп те 1 200 орынға есептелген. Алайда № 84 мектепте қазір 2 938 бала оқыса, № 85 мектептегі оқушы саны 3 187-ге жеткен. Екі мектеп те екі ауысыммен жұмыс істейді. Бұл мектептерде бір сыныпта орта есеппен тиісінше 30 және 32 оқушы оқиды. № 84 мектепте орыс тілінде оқытатын бастауыш буынның 10 сыныбында және жоғары буынның 4 сыныбында оқушылар саны 35-тен асады. № 85 мектепте орыс тілінде оқытатын орта және жоғары буынның 5 сыныбында оқушылар саны 37-ден асады, — делінген хабарламада.
Осылайша, аталған қала мектептеріндегі бала саны жобалық қуатынан 2 еседен астам көп екенін байқауға болады. Білім басқармасы мұны оқу кабинеттерінің және осы сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің жетіспеуімен байланыстырады.
— Соған қарамастан, оқушы санының көп болуы оқу процесін ұйымдастыруға және педагогтердің жұмыс жүктемесіне кері әсер етпейді. Мектептер қажетті оқу құралдарымен, жабдықтармен және оқушы санына сай жиһазбен қамтылған, — делінген.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада халық санының өсуіне байланысты жаңа тұрғын аудандар мен әлеуметтік нысандарға қажеттілік артып отырғаны туралы жазған едік. Материалда елорданың алдағы жылдардағы дамуы, құрылыс қарқынды жүріп жатқан аудандар және жаңа бас жоспарда қарастырылған өзгерістер туралы айтылды.