Бір жыл рингке шықпаған Головкин бокс қолғабын шегеге іле ме

Гена
Фото: prosports.kz

Мексикалық Izquierdazo.com сайты 41 жастағы орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин мансабын аяқтауы мүмкін екенін жазды. Kazinform бұл туралы Sports.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.  

Айта кетейік, GGG 2022 жылдың 17 қыркүйегінде мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварестен жеңіліп қалған болатын. Трилогиялық жекпе-жекте ұпай санымен қарсыласына есе жібергеннен кейін отандасымыз шаршы алаң төріне қайта көтерілген жоқ. 

«Шетелдік БАҚ беттерінде Головкиннің кәсіпқой боксқа қайта оралуы туралы түрлі қауесет желдей есіп жүр. Бокс мамандары мен сарапшылар оның шаршы алаңға  оралмайтынын және 41 жасында бокс қолғабын шегеге ілетінін болжап отыр. 

Дегенмен Генамен жекпе-жекке шығуға әлі де үміттеніп жүрген боксшылар көп. Бірнеше ай бұрын GGG Хайме Мунгуияның таяудағы басты қарсыластарының бірі ретінде аталған. Күні кеше онымен Джон Райдер жұдырықтасқысы келетінін айтты. Бірақ Головкин бокстағы болашағы туралы әлі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ», - делінген мақалада. 

Соңғы жаңалықтар