Бір жылда әсіресе коммуналдық қызметтер мен дәрі-дәрмек бағасы қатты өзгерген

коммуналдық қызметтер
Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылғы тамызда айлық инфляция деңгейі баяулап, 0,6% болды (шілдеде — 0,7%). Ақылы қызметтердің бағасы — 1,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардікі — 0,8% өсті. Азық-түлік тауарларының баға индексі — 100%, деп хабарлайды ұлттық статбюро. 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында су бұру тарифі — 1,6%, суық суға — 0,9% өсті. Қалалық автобуспен жол жүру — 9,3%, такси 1,8% қымбаттады. Бағаның өсуі тұрғын үйді жалға беруде байқалды — 1,4%.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар ішінде тамыз айында оқушылардың рюкзагына баға 4,7% өсті, балалар киіміне — 1,8%, балалар аяқ киіміне — 1,3%, кеңсе тауарларына — 1,1%. Баллондағы сұйық газ 1,7% қымбаттады.

Азық-түліктен апельсинге баға — 4,2%, күнбағыс майы мен қырыққабатқа — 2,2%, пиязға 1,9% өсті.

Бағаның төмендеуі жүзімге — 10%, тәтті бұрышқа — 8,6%, қызанаққа — 7,8%, қиярға — 6,1%, қарақұмық жармасына — 3,6%, қызылшаға 3,2% белгіленді.

Өңірлер бөлінісінде азық-түлік тауарлары бойынша ең жоғары өсім Абай облысында — 0,6%, азық-түлік емес тауарларда — Түркістан облысында 1,7%, ақылы қызметтер бойынша — Алматы қаласында 2,2%.

2024 жылғы тамызда жылдық мәнде инфляция деңгейі 8,4% болды. Ақылы қызметтердің бағасы — 13,6%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы — 7,7%, азық-түлік тауарларының бағасы — 5,5% өсті.

2023 жылғы тамызымен салыстырғанда тарифтер орталықтан жылытуға — 33%, қоқыс шығаруға — 23,5%, су бұруға — 22,9%, электр энергиясына — 22,8%, суық суға — 21,9%, ыстық суға 20,2% өсті.

Денсаулық сақтау — 12%, байланыс қызметтері — 14,9% қымбаттады.

Ацетилсалицил қышқылының бағасы — 58,5%, белсендірілген көмір — 30,4%, хилак форте — 24,3%, парацетамол 20,1% өсті.

Банан — 28,3%, қызанақ — 24,9%, қияр, зәйтүн майы 21,6% жүзім 21,2% қымбаттады.

Керісінше, жылдық мәнде қырыққабат — 27,6%, қарақұмық жармасы — 23,4%, күнбағыс майы — 17,2%, пияз 14,2% арзандады.

Соңғы жаңалықтар
telegram