«Браконьер» іс-шарасының барысында 109 экологиялық заң бұзушылық анықталды - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылорда облысында «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 27 шұғыл топ құрылған болатын. Шараның 10 күнінде облыс бойынша барлығы 109 экологиялық заң бұзушылық анықталды.

«Браконьер» іс-шарасының барысында 109 экологиялық заң бұзушылық анықталды - Қызылорда

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасай отырып хабарлады.

 Оның ішінде, заңсыз ағаштар мен бұталарды кесудің - 2, заңсыз аң аулау және аң аулау ережелерін бұзудың - 79, заңсыз балық аулаудың - 26, азаматтық қаруды тасымалдау, сақтау ережесін бұзудың 2 дерегі тіркелді.

Заңсыз аң, балық аулаумен және заңсыз бұталар мен ағаштарды кесумен ұсталған 2 автокөлік тәркіленіп, айып алаңдарына жеткізілді. Аталған мерзімде барлығы 6 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Атап айтқанда, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы тұсында 1979 ж.т. азаматтың басқаруындағы «ГАЗ-66» маркалы автокөлігі тоқтатылып, тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан заңсыз сексеуіл бұталары табылды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 340-бабы, 1-бөлігі бойынша (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.       

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында 1980 жылы туылған 2 азамат түн мезгілінде аң аулап жүрген жерінен қолға түсті. Ұсталғандарға тиесілі «Нива» маркалы автокөлігін тексеру барысында, автокөліктің жүксалғышынан 3  қоянның өлі денесі анықталды. 2 ұңғылы, 12 калибрлі аңшы мылтығы, 1 дана прожектор айғақ зат ретінде алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 337-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.