Браконьерлер аңшылыққа ел ұйқыға кеткенде шығады– қорықшымен сұхбат
ҚОРҒАЛЖЫН. ҚазАқпарат – Табиғат пен оны мекендеуші жан-жануарлар мен аң-құстарды қорғау қорықшылардың негізгі міндеті. Ол үшін адам бойында батылдық, шапшаңдық, қырағылық және тез шешім қабылдау деген секілді қасиеттердің болуы қажет. Осы қасиеттерді бойына сіңірген, табиғат жанашырларының бірі Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы Сәбит Ермұқанов ҚазАқпарат тілшісіне өз жұмысының ерекшелігі туралы әңгімелеп берді.
«Менің осы салаға келгеніме 2 жыл ғана болды. Жұмысым өзіме ұнайды, 15 күн істеп, 15 демаламыз. Бізде әрбір инспектор мен қорықшының өзіне тиесілі аумағы бар, соның тыныштығы мен бүтіндігіне жауап береді. Өткен жылғы Қарағанды облысында орын алған қорықшының өлімімен аяқталған оқиғадан кейін шынын айту керек, браконьерлік айтарлықтай азайды. Оның үстіне заң да күшейтілді. Дегенмен біз қырағылығымызды бәсеңдетпейміз. Күні -түні қорықты күзетеміз. Әсіресе, түнде жұмыс қызады, өйткені браконьерлер аңшылыққа ел ұйқыға кеткенде шығады. Сондықтан біз әрдайым сақ әрі дайын болуымыз қажет», - деді С. Ермұқанов.
Сондай-ақ, қорықшы осы салаға қалай келгені туралы айтып берді.
«Негізгі мамандығым бойынша заңгермін. Біраз жылдар елордадағы Халыққа қызмет ету орталығында жұмыс істедім. Одан кейін жеке фирмада қызмет еттім. Бұл салаға аяқ астынан келдім десем де болады. Маған танысым 15 күн істеп, 15 күн демалатын жұмыс бар, бірақ далалық жерде деп ұсыныс білдірді. Мен басында вахталық күзетші қызметі шығар деп ойладым. Содан соң көрейік деп, бірнеше күн сынақ мерзімінен өтуге бел будым. Шынымды айтсам, жұмыс алғашқы күннен бірден ұнады. Кең дала, таза табиғат және жан-жануарлар осының бәрін көрген соң, осы салада еңбек етемін деген шешім қабылдадым. Белгіленген сынақ мерзімінен сәтті өтіп, 2 жылдан астам еңбек етіп келемін. Көп таныстарым мені түсінбей таң қалды, қалада жұмысың бар, айдалада не істейсің деген секілді, бірақ бұл менің қалауым. Қаланың жұмысын, дала жұмысына ауыстырғаныма еш өкінбеймін», - дейді ол.
Одан бөлек қорықшы маманға қойылатын негізгі талаптармен де таныстырып өтті.
«Бізге алдымен осы салаға қатысты білімнің болуын талап етеді, сонымен қатар дала мен сол жергілікті мекенді терең білу міндеті қойылады. Одан бөлек, біз үшін адаммен қарым-қатынас жасап, тіл табыса білу қасиеті артық етпейді. Себебі заң бұзушыны ұстаған жағдайда біз оның кім екенін, қандай ойы барын білмейміз, сондықтан онымен маман ретінде сөйлесіп, мәселені оңтайлы шешкен жөн», - деді қорықшы.
Бұған дейін Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында киік санының үш есеге дейін өскені туралы хабарлаған болатынбыз.